«Бақытты отбасы» бойынша займ алу үшін әрбір отбасы мүшесінің кірісі 62 366 теңгеге дейін көтерілді

29.01.2020

2020 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі аясында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар жеңілдетілген несиені өзге шарттар бойынша алатын болады.

Жаңа өзгертулер ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілді.

«Нұрлы жер» жаңа бағдарламасы аясында тұрғын үйдің қолжетімділігі сатысы енгізілді. Енді баспана кезегінде тұрғандардың санаты емес, олардың табыс мөлшері айқындаушы фактор болады.

Осылайша, егер тұрғын үй кезегіндегілердің отбасына келетін табыс мөлшері бір күнкөріс минимумынан кем болса (31 183 теңге), онда олар үшін пәтер сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Олардың қатарына халықтың әлеуметтік-әлсіз топтары жатады.

Егер баспана кезегінде тұрған қазақстандықтардың табысы екі күнкөріс минимумына дейін жететін болса (62 366 теңге), онда бастапқы жарна ретінде тұрғын үй бағасының 10%-ын жинағандар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі займды жылдық 2% мөлшерлемемен береді. Несие «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ұсынылады. Оған көп балалы және толық емес, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.

2020 жылы аталған бағыт бойынша мемлекет тарапынан бөлінген қаражат мөлшері екі есеге өсті. Енді ол 100 млрд теңгені құрайды. Осы қаражат аясында биыл 10 000-ға жуық отбасы қолжетімді займ алу мүмкіндігіне ие болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несиелік өтінімдерді шамамен 2020 жылдың наурыз айынан бастап қабылдайды. Аталған бағыт бойынша пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден алуға болады.

Табыс мөлшері 3,1 күнкөріс минимумынан аспайтын әкімдік кезегінде тұрған азаматтар (96 667 теңге) «5-20-25» шарттары бойынша несиелік тұрғын үйді ала алады. Аталған бағдарлама талаптарын әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым мен мемлекеттік сала қызметкерлері пайдалануларына болады.

«5-20-25» формуласы 2016 жылғы желтоқсан айының соңынан бастап қолданыста. Бұл көпшілікке мәлім «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жергілікті әкімдіктер тарапынан салынған жаңа тұрғын үйлерді сатып алу мақсатында берілетін несиелендіру жүйесі. Аталған бағыт бойынша баспанаға қол жеткізу үшін міндетті түрде жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта кемінде 20% көлемінде бастапқы жарнаны жинау қажет. Бұған қоса, мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға займ жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі.

Бұл бағытта салынған тұрғын үйлер baspana.kz порталында конкурстық негізде бөлінеді.

Егер конкурс нәтижесінде барлық пәтерлер сатылмаса, онда оларды әкімдік кезегінде тұрмаған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары тікелей сатып ала алады. Ол үшін олар ҚР аумағы бойынша атына тіркелген баспананың жоқ екендігін және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында соңғы 2 жыл ішінде тіркеуде тұрғандарын растаулары қажет (осы қалаларда баспана алғысы келетіндер үшін).

Ал, табыс мөлшері 3,1 күнкөріс минимумынан асатын азаматтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспана алуларына болады. Оны табыс деңгейі кез-келген мөлшердегі барлық азаматтар пайдалана алады. Аталған жүйе тұрғын үйді жылдық 3,5-8,5% мөлшерлемемен несиеге алу мүмкіндігін ұсынады. Ол үшін салымшы өз шотында 20-50% көлемінде бастапқы жарнаны жинауы қажет.

«Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа шарттары енгізілгенге дейін «5-20-25» бағыты бойынша салынған несиелік тұрғын үйлер бұрынғы шарттар бойынша сатылатын болады.

***

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.

БАҚ үшін қосымша ақпарат: +7 (727) 279 35 11 (ішкі 00526), 8 707 7 33 22 92, pr@hcsbk.kz

Похожее