KAZ Minerals Тобы 2018 жылдың алғашқы алты айындағы өндірістік іс-қызметінің қорытындысын және қаржылық нәтижелерін жариялады.

16.08.2018

Бұған дейін хабарланғандай, 2018 жылдың бірінші жартысында KAZ Minerals Тобы 139,6 мың тонна мыс[1] өндірді. Бұл 2017 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 18%-ға артық (118 мың тонна). Өсімнің негізгі себепкері – Ақтоғайдағы сульфидті кендерді өңдейтін кен байыту фабрикасының есептік қуатына жетуі.

2018 жылдың бірінші жартысында Павлодар облысындағы Бозшакөл КБК-нде 49,8 мың тонна мыс[2] өндірілді. ШҚО-ғы Ақтоғай КБК-нің кәсіпорынларында – 60,5 мың тонна мыс1 өндірілсе, оның 49,0 мың тоннасы сульфидті кеннен өндірілген мыс, ал 11,5 мың тоннасы оксидті кеннен өндірілген катодты мыс. Шығыстүстімет кәсіпорындары мен Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде 29,3 мың тонна мыс өндірілді.

Бірінші жартыжылдықта KAZ Minerals 24,9 мың тонна концентраттағы мырыш, 89,8 мың унция алтын2, 1,637 млн унция күміс2 өндірді.

2018 жылы мыс өндірісі 270-300 мың тонна аралығында болады деп жоспарланып отыр. Ілеспе өнімдердің жоспарлы көрсеткіштері өзгерген жоқ.

Қаржылық нәтижелер

2018 жылдың бірінші жартысында сатылымнан түскен табыс көлемі $1 098 млн құрады. Бұл 2017 жылдың бірінші жарты жылдығындағы көлемі $837 млн болған сатылымның жалпы табысынан3 және Топтың қаржылық есебінде көрсетілгендей $721 млн көлеміндегі сатылымнан түскен табыстан артық. Өсімге мына жағдайлар әсер етті - Ақтоғай мыс өндірісінің артуы (сату көлемінің 22%-ға ұлғайды), Лондон металдар биржасындағы мыстың орташа бағасының 20%-ға қымбаттауы.

2018 жылдың алғашқы алты айында Топ мыс өндірісіндегі шығындардың төмендігін сақтап қалды және 145 АҚШ центі/фунт көлеміндегі жалпы ақшалай өзіндіқ құнды көрсетті. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңінде тіркелген 144 АҚШ центі/фунт көрсеткішіне сәйкес келеді.

Топ сала бойынша таза ақшалай өзіндік құнының 82 АҚШ центі/фунт көрсеткішімен (2017 жылдың 1-жартысы: 64 АҚШ центі/фунт) жетекші орында және шығындар жөніндегі жаһандық қисықтың бірінші квартилінде тұр.

Топтың EBITDA көрсеткіші бірінші жартыжылдықта $690 млн құрады. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңдегі көрсеткіштен $185 млн-ға артық. Мұндай өсімге сатылым көлемінің артуы, шикізаттық тауарлар бағасының қымбаттауы және бәсекеге қабілетті шығындар ықпал етті. Осыған сәйкес, операциялық шығындар биылғы жылдың бірінші жартысында $464 млн құрады (2017 жылдың 1-жартысы - $291 млн). 2018 жылғы 30 шілдедегі мәлімет бойынша салық төлеуге дейінгі табыс 48%-ға артып, $355 млн құрап отыр. Былтыр бұл көрсеткіш $240 млн деңгейінде болған. Есептік кезеңдегі табыс $276 млн жетті. Бұл 2017 жылдың бірінші жарты жылындағы көрсеткіштен 49% артық ($185 млн). Базалық Пайдаға негізделген акцияға шаққандағы табыс 41%-ға артты. 2018 жылдың жартысында $0,62 (2017 жылдың 1-жартыжылдығы – $0,44).

Операциялық іс-қызметтің таза ақшалай ағыны 2017 жылдың бірінші жартысындағы $337 млн көрсеткішінен 2018 жылдың осындай кезеңінде $350 млн дейін артты. Осы қаражаттың $62 млн негізінен Ақтоғай ІІ жобасы аясында Ақтоғайға инвестиция ретінде салынса, $250 млн Ақтоғай І жобасы аясындағы құрылыс жұмыстары үшін мерзімі ұзартылған $300 млн төлемнің есебінде NFC компаниясына төленді.

2018 жылғы 30 шілдедегі Топтың таза берешегі $2,05 млрд құрап, 2017 жылғы 31 желтоқсандағы $2,06 сәйкес келеді. Жалпы берешек 2017 жылдың соңындағы $3,88 млрд көрсеткіштен $3,71 млрд дейін азайды. Себебі, биылғы жылдың бірінші жартысында несие бойынша жоспарлы төлемдер жүргізілді. Ақшалай қаражат және ақша эквиваленттері бірінші жарты жылда $1,653 млрд дейін азайды (2017 жылдың соңында: $1,821). Жеке және қарыз қаражаттардың ара қатынасы төмендеді. Таза берешектің Жалпы EBITDA-ға қатынасы 1,4х құрады (2017 жылғы 30 желтоқсан: 1,7х).

Бозшакөл мен Ақтоғай жобаларын сәтті іске асыру нәтижелері бойынша KAZ Minerals Директорлар кеңесі бір акцияға 6,0 центтен аралық дивидент төлеу туралы хабарлады.

Өркендеу жобалары

2018 жылғы 2 тамызда Топ Ресей Федерациясының Чукот автономиялы округындағы Баимская жобасын сатып алу туралы хабарлады. Баимская  - жаһандық маңызы бар игерілмеген мыс кен орыны. KAZ Minerals-тың ТМД елдерінің аумағында ірі жобаларды іске асыру жөніндегі тәжірибесін ескерсек, бұл мыс құнының өсімін және оның өндіріс көлемінің артуын қамтамасыз етудің сирек мүмкіндігі. Реттеуші органдар мақұлдаса, мәмілені 2019 жылдың бірінші жартысында аяқтау көзделіп отыр.

Баимская жобасының қазіргі ресурстары JORC кодексіне сәйкес 9,5 млн тонна мыс болып бағаланды. Кендегі мыстың орташа мөлшері 0,43%. Алтынның кендегі мөлшері 0,23 г/т болса, оның көлемі 16,5 млн унция. Мұнда бұдан арғы барлау әлеуеті бар. Алғашқы он жылдағы операциялық іс-қызмет барысында күтіліп отырған жылдық орташа көрсеткіштер шамамен 250 мың тонна мыс және 400 мың унция алтын немесе мыс эквивалентімен есептесек, 330 мың тонна болмақ. Операциялық шығындары жаһандық қисықтың бірінші квартилінде болмақ. Кеніштің пайдалану мерзімі шамамен 25 жыл.

2018 жылдың бірінші жартысында Ақтоғайдағы өндірісті кеңейту жобасын іске асыруда айтарлықтай ілгерілеуге қол жетті. Бұл жоба қосымша кен байыту фабрикасы мен үгіту қондырғысын салу арқылы  2021 жылы сульфидті кендерді өңдеу қуатын екі еселеуге мүмкіндік береді деп көзделген. 2018 жылдың бірінші тоқсанында ұсақтау диірмендері, редукторсыз электр жетектер және энергетикалық жабдықтар сияқты ұзақ уақыт жасауды талап ететін жабдықтарға тапсырыстар орналастырылды.

2018 жылғы 8 маусымда Топ Көксай жобасына NFC компаниясы (Бозшакөл мен Ақтоғайдағы құрылысы мердігері) тарапынан ТЭН және өзге жұмыстарға салынатын $70 млн инвестиция жөніндегі келісім туралы хабарлады. Қазақстан мен Қытайдағы реттеуші келісімдерден кейін NFC бұл инвестиция үшін жобаның 19,4% үлесіне ие болады.

Өндіріс жоспары

Топ орта мерзімді кезеңде мыс бағасына қатысты жағымды болжамды сақтап отыр. Себебі, әлем бойынша қазіргі жұмыс істеп тұрған кеніштердегі өндірістің азаюы және жаңа жобалардың аздығы, мысты пайдаланудың дәстүрлі және жаңа тәсілдеріне деген сұраныстың артуы мыстың дефицитіне алып келеді.

2018 жылы мыс өндірісінің жоспарлы аралығы 270-300 мың тонна деңгейінде бекітілді.

Бозшакөлде мыс өндірісі 95-105 мың тонна көлемінде болады деп жоспарланған. Ақтоғайда мыс өндірісінің жоспарлы аралығы 110-130 мың тонна болып белгіленді. Оның 20-25 мың тоннасы оксидті кеннен өндірілген катодты мыс және 90-105 мың тоннасы сульфидті кеннен өндірілген мыс болмақ. Шығыс өңір мен Бозымшақ кенішіндегі өндірістік жоспар - 65 мың тонна мыс.

2018 жылы өндіріледі деген концентраттағы мырыштың көлемі - 60 мың тонна. Өндіріген алтынның көлемі 160-175 мың унция, ал күміс шамамен 3 млн унция болады деп жоспарланып отыр.

Күрделі шығындар

2018 жылдың бірінші жартысында Топ бойынша өндірісті қолдауға арналған күрделі шығындар $39  құрады (2017 жылдың 1-жартысы: $23 млн). Негізінен бұл Бозшакөл мен Ақтоғайдағы анағұрлым үлкен шығындар есебінен орын алып, Шығыс өңір мен Бозымшақтағы анағұрлым аз шығындардың арқасында біршама өтелді.

Бірінші жартыжылдықта өндірісті кеңейту және жаңа жобалар шығындары $325 млн құрады. Оның $250 млн мерзімі ұзартылған төлемнің бір бөлігі ретінде NFC компаниясына төленді, $62 млн Ақтоғайды кеңейту жобасына инвестицияланды және $10 млн қолданыстағы Артемьев кенішінің пайдалану мерзімін ұзарту жөніндегі алғашқы жұмыстарға, вентиляциялық штректы жасауға арналып отыр.

Жылдың бірінші жартысында Бозшакөлде өндірісті қолдауға арналған күрделі шығындар $12 млн құрады. Екінші жарты жылда техникалық қызмет көрсету шығындары, өндірісті қолдаудың жылдық шығындары шамамен $35 млн болады деп күтілуде. Ақтоғайдағы өндірісті қолдауға арналған күрделі шығындар $9 млн болып шектелді. Өндірісті қолдауға арналған күрделі шығындардың жалпы көлемі жыл бойында $30 млн құрайды деп жоспарланған. Шығыс өңір мен Бозымшақта өндірісті қолдауға арналған күрделі шығындар $18 млн құрады. Жыл көлемінде өндірісті қолдау жөніндегі күрделі шығындар $50 млн жетеді деп көзделген.

Өндірісті кеңейту жөніндегі күрделі шығындар бойынша болжамдар 2018 жылы барлық өндірістік кәсіпорындарда өзгеріссіз қалды: Бозшакөлде  – $40 млн, Ақтоғайда – $550 млн және Шығыс өңір мен Бозымшақта – $40 млн.

KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам былай деп мәлімдеді: «Бірінші жарты жылда KAZ Minerals  жоғары қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізді. Оған Ақтоғайдағы өндіріс көлемінің артуы, металдар бағасының қымбаттауы және өндірістің төмен өзіндік құны әсер етті. Бозшакөл мен Ақтоғай сияқты жобаларды іске асырудың арқасында қазір Топта жоғары ақшалай қаражат табуды, жеке және қарыз қаражаттың ара қатынасын тез азайтуға мүмкіндік берген ірі ауқымды, аз шығынды кәсіпорындар жинағы бар. Осының арқасында Директорлар Кеңесі бір акцияға 6,0 АҚШ центі көлеміндегі аралық дивиденттерді төлеу туралы хабарлады».

Жалпы табыстың ішіне Ақтоғайдағы сульфидті кендерді өңдейтін фабрика мен Бозшакөлдегі каолин балшығы бар кендерді өңдейтін фабриканың жобалық өндіріске дейінгі кезеңде түскен табыстары кіреді

Похожее