Кене шағу фактілері тіркеліп жатыр

21.05.2018

Кенелер белсенділігінің өршу уақыты жақындап келеді. Бұған қоса, осы жәндіктердің шағуынан жапа шеккендер саны артып жатыр. «Сантитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ҒПО» мәліметінше, бүгінде Қазақстанда кене 4831адамды шаққан!

Кене шағуынан кене инфекциясына шалдығу қаупі туындайды. Мысалы, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ауыр инфекциялық кесел  - кене энцефалиті адамның мүгедектігіне немесе өліміне апарып соғуы мүмкін. Дегенмен, бұл кенелер тарата алатын жалғыз ғана жұқпалы дерт емес. Кене энцефалиті мен кене боррелиозы жөлек кенелерден жұғады. Кене энцефалиті туралы естіген болсақ, ал боррелиоз немесе өзге де кене инфекциялары туралы аз білеміз.

Кене боррелиозы немесе Лайм ауруы

Кене боррелиозы   - бұл қауіпті бактериалдық жұқпалы дерт. Бастапқы сатыда науқасты дене қызуының  38 градусқа дейін жоғарылауы, әлсіздік пен шаршау тәрізді ауру белгілері мазалауы мүмкін. Яғни,  ЖРВИ-мен шатастырып алуға болады. Сол себепті көбінесе ол назардан тыс қалуы мүмкін. Дұрыс емдеу шаралары тағайындалмаса, жүйке және жүрек-қантамырлар ауруы мен тері және қимыл-тірек аппаратының зақымдалуының созылмалы түріне ұласу қаупі бар.

Ауруға шалдығудың белгісі - шағып алған жердің ортасында солғын түсті, ал шетінде ашық түсті сақина тәрізді эритеманың пайда болуы. Әдетте, дәл осы белгі адамдардың үрейін тудырып, дәрігерге қаралуға итермелейді. Мұнда ең бастысы  - ауруды анықтай алатын және зертханалық тексерусіз клиникалық-эпидемиологиялық тәсілмен диагноз қоя білетін жұқпалы аурулар дәрігерінен кеңес алу. Дерт бастапқы кезеңінде қан талдауы арқылы анықталмайды және қарсы денелер тек бірнеше аптадан кейін пайда болады.

“Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ҒПО” паразитолог- маманы, б.ғ.д. Жанна Шапиева былай дейді: “Кене боррелиозы Қазақстан аумағында Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында кездеседі. Кейінгі жылдары бұл ауруға шалдығудың бірлі-жарым фактілері Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында тіркеліп отыр. Кене боррелиозын қазақстандық мамандар осы кесел бойынша нормативті құжаттамаға сай тек 2012-ші жылдан бастап есепке және тіркеуге алып жүр. Бұл статистикаға сай, кене боррелиозын жұқтыру кене энцефалитіне шалдығу оқиғаларынан аз. Мысалы, былтыр кене энцефалитіне жұқтыру оқиғасы 35, ал кене боррелиозына  шалдығу бойынша12 оқиға тіркелді. Алайда, бұл боррелиоз сирек кездеседі дегенді білдірмейді. Біздің пайымдауымызша, оған шалдығу оқиғалары әркез анықтала бермейді”. 

“Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ҒПО” мәліметінше, бүгінде боррелиозды жұқтырудың 6 фактісі тіркелген: 5 адам Шығыс Қазақстан облысының Зырянов ауданынан, 1-еуі - Алматы қаласынан. Кене энцефалиті Алматы қаласының 1 тұрғынынан анықталды. Кене шабуылы  4 өңірден тіркеліп отыр: Алматыда 1230 адам, Алматы облысында 2121адам, Шығыс Қазақстанда 1389 адам, Ақмола облысында 91 адам тіркелген. Сандар көп болғанымен, жапа шеккендердің көбіне қауіпті емес жәндіктер кездескен.

  Дәрігерге сен, бірақ сақ бол!

Жоғарыда аталған кеселдің уақтылы анықталмауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, кене шаққан адамның өзіне төнген қауіпті байқамауы немесе болған оқиғаға салмақты түрде қарамауынан медициналық көмекке бірден жүгінбеуін атауға болады. Екіншіден, медициналық мекемеде қате диагноз қойылуы болуы мүмкін. Себебі кейде профильді емес мамандар сақина тәрізді эритема сияқты анық белгіні кене шағуына аллергиялық реакция деп бағалауы мүмкін. Бұған қоса, жәндік шаққан жерде ешқандай өзгеріс болмайтын эритемасыз түрі де жиі кездеседі. Оның нәтижесінде аурудың бастапқы кезеңі дер кезінде анықталмай қалады.

Уақтылы диагностика және емдеу тәсілінің дұрыс таңдалуы науқастардың толықтай айығуын қамтамасыз етеді. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиеваның айтуынша, “кене шаққан кезде адамның кене энцефалиті мен кене боррелиозын қоздырушыларын жұқтырып алуы қаупі жоғары болады. Бірінші инфекция вирустық, екіншісі бактериалдық сипатқа ие. Осылайша, кене шаққан адам кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин ғана емес, сонымен бірге боррелиозға қарсы профилактикалық ем де қабылдауы қажет. Емдік сарысумен аурудан сақтандыру пунктіне барумен ғана шектелмей, инфекционист-дәрігердің кеңесін алған жөн. Қосымша ретінде кене энцефалитін ерте анықтау үшін келесі үш апта бойы күн сайын дене температурасын өлшеген дұрыс. Егер қызу көтерілсе, шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Ауру белгілері байқалмаған жағдайда 21 күннен кейін ғана алаңдамауға болады. Бұған қоса, кене шаққаннан кейін 2-3 аптадан соң кене боррелиозына қан тапсыру керек”.

Мамандардың сөзінше, барлық кенелер инфекция таратушы болып есептелмейді, сол себепті олар шабуыл жасағанда бірден үрейге бой алдырмау қажет. Ең дұрысы - табылған кенені зертханаға тапсырып, онда кене энцефалитін қоздырушының бар-жоғын анықтау. Егер сараптама кененің “сау” екенін көрсетсе, онда шұғыл түрде алдын алу шараларын қабылдау қажет емес. Яғни, ағзаны дәрі-дәрмек салмағынан сақтаймыз, өйткені иммуноглобулиннің өзі қауіпсіз емес. Паразит жұқпалы болса, шұғыл медициналық шаралардың қажеттігі күмән тудырмауы тиіс. Кене энцефалитіне қарсы егілгендерге иммуноглобулин енгізу керек емес. 
 

Ауыру қанша тұрады?

Қауіп-қатер тобы мен эндемиялық аумақтар тұрғындары үшін кене энцефалитіне қарсы екпе, кенеге қарсы иммуноглобулинмен шұғыл түрде профилактикалық ем көрсету, сонымен бірге кене инфекциясына шалдыққан кезде емдеу тегін көрсетіледі. Кене боррелиозына қарсы екпе жоқ.

Алматыдағы Альбедо және MSHelp вакциналау бойынша жеке клиникаларында екпенің 1 дозасы 5 мың айналасында, сәйкесінше, толық курс 15 мың тұрады. Кенеге қарсы иммуноглобулин жекелеген дәріханаларда ғана бар және оның құны шамамен 50 мың тенге (жарақат пункттерінде тегін екенін еске саламыз).

Кенені инфекцияға тексеру үшін  3 мың теңге төлейсіз. Ал, “Кенеге қарсы” бағдарламасы бойынша сақтандыруды сатып алуға болады, дегенмен, ол тек “Номад Иншуранс” компаниясында ғана бар және құны бір адамға  200 теңге, ал отбасылық сақтандыру бір отбасы мүшесі үшін 125 теңге тұрады. Кене шаққан адамға сақтандыру бойынша 500 мың теңге төленеді. “Сақтандырудың бұл түрі Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары үшін маңызды”, - дейді “Номад Иншуранс” АҚ СК Басқарма Төрағасы Иманжанов Дәурен Қасымханұлы – Кене шағу қаупі бар жерлерде қорғану және сақтық шараларын қадағалау өкінішке орай 100 пайыз қауіпсіздік кепілін бермейді. 

Шұғыл иммундық профилактика да кеселдің асқыну мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сақтандырудың болуы оқиғаның жағымсыз тұстарында сақтандыру тізіміндегі аурулардың бірі анықталғанда қосымша қаржылай қорғаныс бола алады. Бұл жағдайда зардап шегуші сақтандыру төлемінің арқасында өз денсаулығына үнемдемеуге, мысалы, қосымша диагностикадан өтуге немесе емделудің сапасын ақылы медициналық қызмет көрсетулер есебінен жақсартуға мүмкіндік алады”.

Жалпы алғанда, кене шаққанда қайта сақтандыру мен сақтандыру ешқашан артық етпейді. 

 

 

Похожее