Еуразия кеңістігіндегі бірегей жәдігер Елеке сазында

11.07.2019

Шығыс Қазақстанның патшалар алқабындағы ерекше айналмалы қоршауы бар «Патша» қорғанында мүйізі алтын сыммен өрілген бұғының бейнесі бар Еуразия кеңістігінде бірегей жәдігер табылды. Айта кету керек, қазіргі таңда аймақта археологиялық ескерткіштерді зерттеу бойынша облыстық бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асуда.

Облыс әкімі Тарбағатай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында жаңа жәдігерлермен танысты. Бүгінде аталмыш алқаптың 25 шақырым аумағында кең көлемді зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстанның жетекші археологтары Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың басшылығымен жеті топ және Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік академиясының экспедициясы іске білек сыбана кіріскен. Алғашқы жәдігерлер ерекше айналмалы қоршауы бар «Патша» қорғанында табылған. Олардың қатарында мүйіздері алтын сымнан өрілген бұғылардың бірегей пішіндері, алтын әшекейлер мен алтын арқарлар және өте ұсақ моншақтар бар. 

 – Елеке сазы ескерткішінде біздің бақытымызға қарай өткен жылы «Алтын адам», биыл да өте қызықты заттар тауып жатырмыз. Олар б.з.д. 8 ғасырдағы ата-бабаларымыздың мәдениетін, тұрмыс-тынысын көрсетеді. Алғашқы қадамымыз құтты, үмітіміз бар. Бұлар тек алғашқы табылған мұралар, қалғандары осы айдың соңында, тамыздың басына қарай болып қалады, – деді Зейнолла Самашев.

Әбдеш Төлеубаевтің айтуынша, екі аптадан кейін «Сардар-1» үлкен жерлеу камерасы ашылады. Зерттеу жүргізіліп жатқан бұл қорымда бірқатар көне медициналық құралдар, сонымен қатар, ерте сақ кезеңіне жататын тас пышақтар бар.    

Бұл – Қазақстан тарихына жаңа көзқарас. Халқымыздың тарихын қайта жаздыратын тың мұралар. Біздің тек көшпелі ел болмағанымызды айқындайды. Ата-бабамыздың біздің заманымызға дейінгі 8 ғасырда жоғары деңгейдегі өркениетті қалыптастырғанын дәлелдейді. Терең білім мен технология тілін білгенін көрсетеді. Оны біз бүкіл әлемге көрсетуіміз керек. Келер жылы «Ұлы дала алтындары» көрмесін Стамбулда, ал 2020 жылы Англияның музейлерінің бірінде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Мұнда сондай-ақ, қазылған ұсақ қорымдардың ішінде әр сипатта жерленген адам сүйектері табылған. Мәселен, басына тас жастық қойып, бірге жерленген ана мен бала. Даниал Ахметов атап өткендей, бұл баласын қорғаған ананың ұлы махаббатының көрінісі.

Екінші молада жасөспірім баланы бесік сұлбасында жасалған тасқа салып жерлеген. Бұл шамамен қола кезеңінің мәдениетіне жатады. Ішіне қойдың еті салынған қасындағы керамикалық құмыра ерте сақ дәуірінікі көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, үшінші ескерткіш мөлшері үйсін, құлажорға мәдениетіне жақын. Ер азаматтың сүйегінің қасында пышақ, құмыра, сондай-ақ, құйрық май қойылған. Оған дәлел құйымшақтан қалған қалдық.

Елеке сазы алқабында б.з.д 8 ғасырдан б.з. 8 ғасырға дейінгі аралықты қамтыған үзілмеген байланыс жатыр. Сөзсіз, жұмысты бітіргеннен кейін бұл алқап халқымыздың мақтанышы болады. Сондай-ақ, мұнда Азиядағы жалғыз Қаған кешенін зерттеп жатырмыз. Біз Монғолияда табылған Білге қаған, Күлтегін кешендерін білеміз. Елеке сазында табылған бірегей кешен соның сызбасын қайталайды. Жақын арада біздің екі мықты ғалымымыз әлемге жаңа Қазақстанды паш етеді деген сенімдемін, – деп қорытындылады Даниал Ахметов. 

Похожее