30.08.2018
Өңірде «Баланы мектепке жинайық!» акциясы тамыздың 1-нде бастау алған. Партиялық жобаның мақсаты – аз қамтылған отбасыларына, жетім балалар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға қол ұшын созу.
Төраға орынбасары Олег Чугунков атап өткендей, акция аясында Шығыс Қазақстанда 998 көпбалалы және аз қамтылған жанұяларға, ата-анасыз қалған балалар, сонымен қатар қолдауға мұқтаж партия мүшелеріне көмек көрсетілді.
- Акция аясында қазірдің өзінде облыс бойынша 100-ден астам қайырымдылық және мерекелік іс-шаралар өткізілді. Жалпы саны 4 мыңға жуық адам қамтылды. Нақты көмекпен 1500 бала қамтамасыз етілді. Айта кету керек, жоғары белсенділікті, әсіресе, маслихат депутаттары, Бастапқы партиялық ұйымдардың мүшелері, партия мен өндірістік кәсіпорын белсенділері, сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдері танытып жатыр, - дейді «Нұр Отан» партиясы ШҚОФ төрағасының орынбасары Олег Чугунков.
Партияның қоғамдық қабылдауын мен өкілетті органдарға өтініш білдірген отбасыларының ешбірі атаулы көмектен тыс қалған жоқ. Солардың бірі – өскемендік көпбалалы ана Әсем Тілеубердиева. Бес баланы өсіріп отырған жанұяда биыл оқушылар қатары көбейді. Ортаңғы ұлы алғаш мектеп табалдырығын аттап отыр.
- «Нұр Отан» партиясына, қол ұшын созған барлық мейірімді жандарға алғыс білдіремін. Қазіргі таңда көпбалалы отбасыларына балаларды мектепке жинау оңай емес. Ал менде олардың саны үшеу. Сондықтан Қ.Қайсенов көшесіндегі қоғамдық қабылдауға барып, тілегімді айттым. Шет қалдырмай, балаларымды қуантып отырсыздар. Бізге осы оқу-құралдары мен сөмкелер дәл керек дүние еді, - деп, ағынан жарылды Әсем Тілеубердиева.
Жалпы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы бастамасымен биыл акция аясында 6 миллионға жуық теңгеге көмек көрсетті. Бұл ретте айта кету керек, іс-шаралар қатары әлі де жалғасуда.
Похожее