ШҚО «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының жеңімпаздарын жариялады

27.07.2018

Шығыста «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңін қорытындылады. Бағын сынап, бағытын бағдарлауға жүрексінбеген 32 жоба қазылар таразысына түсті. Ал облыстың үздік әлеуметтік жобасы 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді.

Бүгін өткен салтанатты жиында ақтық мәреге шыққан 9 жоба арнайы көрмеде өз жетістіктерін көрсетті. Сайыста топ жарған жүлдегерлердің бірі «Алтын-Ай» қоғамдық бірлестігі ұсынған «Біз бірге мықтымыз!» жобасы. Бұл ұйым бүгінде төсек жабдықтарын, сондай-ақ, сәбилерге арналған киім-кешек пен сан алуан жиһаздар түрлерін де шығарады. Кембағал жандардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасап, ақпараттық-құқықтық тұрғыда көмек көрсетеді. Қазіргі таңда тек бірлестіктің өзі 27 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтып отыр.

- Біз барлық байқауларға қатысуға тырысамыз. Атқаратын ісімізді, жобаларымыз туралы халық білсе екен дейміз. Себебі, қоғамның белсенді мүшелері ретінде еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Ал алған жүлдені өндірісті өркендетуге жұмсайтын шығармыз, - дейді, «Алтай-Ай» ҚБ тігін өндірісінің жетекшісі Татьяна Веляева. 

Айта кету керк, Өскемендегі «инватакси» қызметін де көрсететін осы ұйым. Байқауға жіберілген бейнероликте бұл қызмет түрінің кембағал жандар үшін аса қажеттігі көрсетілген. Көрмеге әкелінген тігін өнімдері де қазіргі таңда өскемендіктер арасында жоғары сұранысқа ие. Себебі, өнім сапасы қайбір шетелдікінен кем түспейді. Айта кету керек, көрмеде ұсынылған балаларға арналған қуыршаққа жоғары бағасын берген ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова да «балама деп», біреуін сатып алды. Аймақтық байқауда ІІІ орынды, яғни, 500 мың теңгенің сертификатын иеленген ұжым енді республикалық байқауда топ жаруды мақсат етіп отыр.  

Жалпы, сәуірдің 20-сында басталған байқау өңірде екі кезеңде өтті. Алдымен аумақтық, іріктелгендері аймақтық сайыста бақ сынады. Бас жүлдені, яғни, 1 миллион теңгені қанжығаға байлаған «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы. Жоба авторы Елена Березинская-Абилова өңірдегі кәсіпкер әйелдер ұйымын басқарады. Оның айтуынша, кәсіп иелерімен тығыз жұмыс істей келе, қазіргі таңда өз ісін ашуға ниетті азаматтарға, әсіресе, жастарға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдаудың ауадай қажет екенін түсінген. Соның арқасында бүгінде 300-ден астам адамды оқытып, оның 20-дан астамына кәсібін ашуға қолдау көрсеткен екен.

- Менің «Нұр Отан» партиясына айтар алғысым шексіз. Биылғы байқаудың ақпараттық-насихат жұмысының арқасында ұйымдар тарапынан жоғары белсенділікті байқадым. Біздің жоба кәсібін ашуға, жұмыспен қамтамасыз етуге, қоғамда өз орнын табуға бағытталған. Сеніп тапсырылған үмітті ақтаймыз деген ойдамыз, - дейді Елена Березинская-Абилова.

Ал екінші орын Ұлан ауданының «Қамқор» жобасы иеленді. Жиһаз цехы, қолөнершілер үйірмесі, тағы да қызығушылықтарына қарай бірқатар бағытты бірге алып отырған ұландық еріктілер ұйымы басты мақсат – бір-бірімізге қамқор болу дейді.

- Биыл бұл байқау бірінші рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтіп отыр. Айта кету керек, өткен жылы тіркелген жобалар саны небәрі 5 болса, биыл бұл көрсеткіш 32 жетті. Өте жақсы нәтиже деп есептейміз., себебі, ел ішінде көш бастап, үздік атандық, - дейді «Нұр Отан» партиясының ШҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

 Ақтық мәреге өткен өзге жобалар да марапаттау рәсімінен құр қол қайтпады. Арнайы тағайындалған ынталандыру сыйлығына сай, оларға 400, 200 және 100 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Атап айтқанда, «Инклюзивті театр» зертханасы, «Шуақты қала», «Халықтың осал топтарын жұмыспен қамтуға арналған қосалқы шаруашылықты дамыту», «Үміт нұры», сондай-ақ, «Өскемен қаласы халқының әлеуметтік қорғалмаған тобы үшін ОКЖ кітапханаларында ақпараттық қызмет түрлерін дамыту» және «Өскемен қаласының әлеуметтік осал топтарына төмен бағамен көмір алу және жеткізуде көмек көрсету және қолдау» жобалары. Айта кету керек, жүлде қоры өңір демеушілерінің қолдауымен құрылды.

Похожее