ШҚО-да биыл ІТ-Хакатон марафоны өтеді

23.02.2019

Тұрғындар алдында есеп берген аймақ басшысы Даниал Ахметов жас бағдарламашыларға арналған облыстық «ІТ-Хакатон-2019» марафонын өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, маусым айында «Диджитал Ист – Болашаққа қадам» халықаралық форумын екінші мәрте өткізу, Цифрландырудың бірыңғай интеграциялық орталығын құру міндеттерін жүктеді.

 

Өңір экономикасын өркендетудің бір жолы цифрландыру болып отыр. Облыстағы тау-кен-металлургиялық компаниялар осы салаға күш салуда, олар сандық трансформация бағытындағы төрт жобаны аяқтап, тоғызын жалғастыру үстінде. Өзге салалар да қалыс қалмай келеді. Ауыл шаруашылығы саласында техниканы есепке алу жүйесі енгізілді. Шаһарларда «Қауіпсіз қала» жобасы қолға алынған. Өскемен көшелеріне төрт мың бейнекамера орнатылмақ. Көшелерді үнемді әрі «ақылды» шамдармен жарықтандыру жобасы іске асып жатыр.

«Қоғамдық қабылдау бөлмесі», «Мобильді анықтамалық қосымша», «Өскемен мен Семейдегі бос жер учаскелерінің электронды картасы» жобалары іске кіріскен.

Алдағы міндет – қоғамдық көліктерге электронды билеттеу жүйесін енгізу, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын цифрландыруды одан әрі жалғастыру.

Цифрлық технологияларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 30,5 миллиард теңге.

Похожее