ШҚО-да Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың ерліктері мектеп бағдарламасына енгізіледі

12.03.2020

Аймақта Ұлы жеңістің 75-жылдығына орай өткізілетін республикалық және облыстық іс-шаралар легі 2019 жылы бекітіліп, жүзеге асырылуда.
Жоспарға сәйкес, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік қолдау мен медициналық қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек ескерткіштерді орнату мен абаттандыру, сондай-ақ салтанатты шаралар ұйымдастырылады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды ұйымдастыру басқармасы басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстанда 1233 соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлері, сондай-ақ майданның қатысушылары мен мүгедектері тұрады. Биыл Ұлы Жеңіс күніне орай ҰОС-ның қатысушылрына біржолғы  материалдық көмек көрсетіледі. 134 ардагерге 600 мың теңге, 455 тыл еңбеккері мен 644 соғыс қатысушысы мен мүгедектеріне 100 мың теңгеден беріледі.
ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит Ұлы Жеңіс күніне орай көптеген іс-шаралар өтетінін атап өтті. Басқарма басшысының айтуынша, 7-9 мамыр аралығында 200 мыңнан астам адамның қатысуымен 340-тан астам шара ұйымдастырылады. Мұндағы басты мақсат – жастардың бойына патриоттық сезімді ұялатып, облысқа қарасты қалалар мен аудандарда «Алау жағу» атты еске алу акциясын өткізіп, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету. Бұдан бөлек кейінгі буын өкілдері қан майданды көзбен көріп, Отан үшін от кешкен ардагерлер мен тыл еңбеккерлерімен кездесулер өткізетін болады.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында 510 тақырыптық шара өтті. Оның ішінде «Біз Жеңістің мұрагерлері» атты халықаралық эстафета ұйымдастырылғанын атап өткен орынды. Ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен ҰОС тарихына байланысты актуальды сауалдарды талқылайтын семинарлар өткізілді. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстандағы 7 ЖОО-да 1 мамырға дейін кездесулер ұйымдастырылады.
Волонтерлар, жастар ұйымдары, кәсіпорындардың өкілдері жалғызбасты ардагерлерге барып, үй шаруаларына қолғабыс етіп, есік алдындағы қарларын күреп беруде. Сонымен қатар волонтерлар іздеу жұмыстарын да жалғастыруда. Күні бүгінге дейін волонтерлар Ресей Федерациясының Новгород облысында жерленген қазақстандық жауынгерлердің мүрделерін тапты. Оның ішінде 16 адамның Шығыс Қазақстаннан майдан даласына шақырылғаны анықталды. Бүгінде жерленген жерлері табылған жауынгерлердің туыстары іздестірілуде.
Жиын барысында Ирина Смит 1 сәуірден бастап облыстағы 338 даңқ ескерткішіне абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар Жарма, Катонқарағай, Көкпекті аудандарында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштер мен тақта тастар салынады.
Сондай-ақ әскери шеруге дайындық жүргізілуде. Оған 1,5 мыңнан астам әскери қызметкер мен 40 мың бірлік әскери техника жұмылдырылады. Облыс әкімдігінде өткен жиынға қатысушылар бұл шеруді аймақтық деңгейде ұйымдастырылатын кең ауқымды шара деп жоғары бағалағанын атап өткен орынды. 
Аймақ басшысы Даниал Ахметов білім басқармасының өкілдеріне Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың ерліктерін бір айдың ішінде жинақтап, мектеп бағдарламасына енгізуді тапсырды.
- 9 мамыр – біздің тұрғындарды біріктіретін мейрам. Бұл Ұлы Жеңіс күні. Біз сонау жылдары майдан даласына аттанған 27 миллион адамның арқасында осы күнге жеттік. Сондықтан мұны кейінгі буын өкілдері бір кісідей білуі тиіс. Өкінішке қарай, біздің жастар арасында мұндай дүниелер ұмыт болып бара жатыр. Сондықтан біз соғысқа қатысқан қазақстандықтардың ерліктерін насихаттауды қолға алып, бұл туралы мектеп бағдарламасына енгізуіміз керек. Алайда бұл тек қана бір реттік бағдарлама болмауы тиіс. Оны балаларға тереңдетіп оқыту қажет, - деді Даниал Ахметов.
Сондай-ақ аймақ басшысы аудандар мен қалалардың әкімдеріне Шығыстан шыққан соғыс қаһармандарының құрметіне орай мектеп атауларын өзгертуді ұсынды.

Похожее