07.02.2023
Өткен жылдың 19 наурызындағы Президенттің жолдауынан кейін 3 жаңа облыс пайда болған еді. Нақты аумақтық бөліністен кейін Шығыс Қазақстан облысында 367 мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметшілердің 3962 штат бірлігі қалды. Шығыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Бүгінде облыста мемлекеттік қызметте еңбек етіп жатқан қызметшілердің 91% жоғары білімі бар болса, ал өңірде Мемлекеттік басқару академиясының 5 түлегі және «Болашақ» бағдарламасының 1 түлегі қызмет етуде. Аймақта мемлекеттік қызметкерлердің деңі нәзік жандылар екен. Нақтырақ айтсақ 3614 қызметшінің 33% ерлер, 67% әйелдер, ал 17% 29 жасқа дейінгі жастар және небәрі 3% ғана зейнеткерлер мен зейнет жасына жақындағандар құрап отыр. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу талаптарын жеңілдету тапсырмасын орындау аясында, жыл соңында салалық заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Атап айтсақ, кадр тапшылығы мәселесі бар ауылдық, аудандық деңгейлерде қызметке қабылдау жеңілдетілді. Мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер енді аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындалатын болады. Бұған қоса, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына агенттіктің келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Ал мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін тоқсан сайынғы бағалаудың нәтижесінде қызметші екі тоқсан қатарынан «қанағаттанарлықсыз» бағаланған жағдайда, оны бос тұрған төменгі лауазымға ауыстыру, ал бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен босату шешімі қабылданатын болады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді деген сөз. «Иә, мемлекеттік қызметтен босатуды жеңілдету шеңберінде, енді қызметшінің жұмыс тиімділігіне байланысты бірден кадрлық шешім қабылдау мүмкіндігі енгізілді. Ал мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағытында есепті кезеңде 68 тексеру жүргізілген, соның ішінде: 59 жоспардан тыс тексеру, 9 профилактикалық бақылау шарасы жүргізілді. Тексерулердің нәтижесінде 459 бұзушылық анықталды. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 15 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 3 әкімшілік іс қозғалды», -деді мемлекетік қызмет саласындағы тексерулерді айтып өткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев мырза.
Похожее