ШҚО-да тегін ағылшын тілін оқыту курстары ашылып жатыр

13.09.2018

Үштілділікке көшу бойынша «Нұр Отан» партиясының жобасы аясында Шығыс Қазақстанның ауыл мектептерінде белсенді түрде ағылшын тілін оқыту курстары ашылуда. Айта кету керек, бұл бастаманың басты мақсаты – аудан-ауылдағы балалар мен мұғалімдерге тілдік орта қалыптастыру. Оның негізінде олар ағылшынша сөйлеу қабілеттерін жетілдіреді.

Қазіргі таңда облыста 4 ауыл клубы қызмет етеді. Жалпы жыл соңына дейін тағы 12-сін ашу жоспары тұр. Мәселен, Риддер қаласына қарасты Бутаков ауылының мектебі тұрғындарды talk now-ға аптаның әр сәрсенбінде сағат 15.00-де шақырып отыр. Еріктілер қатарынан табылған ағылшын тілінің оқытушысы Анна Чернова бұл жоба, әсіресе, балаларға кедергісіз тілді меңгеруге мүмкіндік беретіндігін айтады. 

- Баршаңызды клубымызға шақырамыз! Қызмет тегін, сондықтан кез-келген жан, бала да, қарт адам да оқи алады. Әрине, әзірге тек жастар жағы көп белсенді. Онға жуық бала жазылып үлгерді. Күн санап, ниеттілер қатары тек артады деген сенімдемін, - дейді іске білек сыбана кіріскен Анна Владимировна. 

Зырян ауданындағы жаңа клуб Тілдерді оқыту орталығы жанынан ашылды. Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ирина Лыкованың айтуынша, бүгінде басым бағыты speaking болатын 4 топ ашылған. 11 жастан жоғары балалар мен үлкен кісілер қабылданады. Ал оқыту аптасына бір рет жүргізіледі. Алайда, Үржар ауданында жақын уақытта ашылуы тиіс «Interesting English Club» сабағы аптасына екі рет өтеді екен. Айта кету керек, бұл ауданға жақын күндері «Жас Отан» ЖҚ «English for jastar» жобасы аясында үш ай бойы тұрғындарға ағылшын тілін үйрету үшін бір топ еріктілер аттанады. 

Похожее