ШҚО-да жер телімдері жаппай тексеріледі

28.06.2017

Шығыс Қазақстанда 2017 – 2019 жылдар аралығында барлық санаттағы жер телімдері қайта тексерілетін болады. Осылайша аймақ басшылығы жер телімінің меншік иесі, бос жатқан жер аумақтары жайлы ақпараттарды толықтырып, мемлекеттік жер тізімдемесінің автоматты ақпараттық жүйесін жаңартпақшы, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.

Бұл жайлы Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова мәлімдеді.

– Тексеру барысында барлық санаттағы жер телімдері бойынша ақпараттар жиналады. Соның ішінде жердің меншік иесі, жергілікті атқарушы органдар берген мәліметтер мен сот шешімі бойынша қайтарып алынған жер телімдері де тексеруден өтеді, – деді Виктория Барсукова.

Аталған жұмысты құзырлы органдар және ұйымдармен бірлескен жергілікті атқарушы органдар іске асырмақ.

Сондай-ақ, тексеру жұмыстары аясында ауыл шаруашылық өнімдерін өсіруге келмейтін жер бөліктері анықталып, жеке қор құрылады. Оның ішіне ядролық сынақ өткізілген аймақтар да енгізілмек. Осылайша, толыққанды тексеру жұмысы 2019 жылы өз соңына жетеді деп күтілуде.

Похожее