Шығыс Қазақстанның БПҰ: «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бүгіні мен ертеңгі жетістігінің символына айналды»

01.04.2019

ШҚО-да «Nur Otan» партиясы Бастауыш ұйымдарының тұңғыш форумы өтті. Шараға 180 БПҰ өкілдері, сонымен қатар әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері қатысты. Айта кету керек, форум аясында ұйым төрағаларына арналған оқыту семинары да ұйымдастырылды.

«Елім менің» деп ұрандаған Шығыс Қазақстанның нұротандықтары форумды партия әнұранын әуелете ашты. Сөзжарыста салихалы пікірлерін ортаға салған бастауыш партия ұйым өкілдері бүгінде бейбітшілік пен келісім салтанат құрған, тиімді нарықтық экономикасы бар, әлеуеті тұрақты Қазақстанды құрудағы «Nur Otan» мен оның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне ерекше тоқталды.  

 Бақты бағалаған халықтың бастайтын тақ иесі де болуы керек. Бұл – ежелден келе жатқан өмір заңы. Тұңғыш Президентіміздің бастауымен Отанымыз әлемге танылды. Сөзсіз, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бүгіні мен ертеңгі жетістігінің символына айналды. Елбасымыздың төл туындыларының бірі, Сарыарқаның төсінде бой көтерген Елордамыз мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне жаңа серпін бергені де ақиқат. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұстан бастап, бабалар салған сара жолды замана ағымына ілестіре, дамыған елі елдің қатарына қосты. Елбасымыздың ел болашағына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан астанамызға Нұр-сұлтан атауын беру орынды әрі тарихи маңызы зор шешім деп білемін, - деді Семей электртехникалық колледж директоры Азат Сәрпеков.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Көшбасшысына деген алғыстарын сонымен қатар облыс орталығының «№12 сайлау округі» БПҰ төрағасы Максим Тесленко, Өскемендегі №1 өзін-өзі басқару комитеті директоры Амантай Бақыт, Риддер қаласының «№5 сайлау округі» төрайымы Елена Крыжевая да жеткізді.   

Қазіргі таңда республика бойынша бастауыш партия ұйымдары қызметін жандандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Аймақтық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың сөзіне жүгінсек, БПҰ-ның халықпен жұмыс жүргізуде орны маңызды. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды түсіндіру, жүзеге асыру бойынша ауқымды міндет жүгін арқалаған да осы ұйымдар. 

Биыл біздің облыста БПҰ төрағаларына арналған екі семинар-тренинг өткізу жоспарланған. Жалпы аймақ бойынша 330 бастауыш ұйымы болса, бүгін олардың 180-і форум аясында ұйымдастырылған семинарға қатысып отыр. Екі күн ішінде олар партия құндылықтары, нормативтік-құқықтық құжаттар, сондай-ақ, ұйымдастыру құрылымы мен цифрландыру, партия жобаларын жүзеге асыруға қатысу сияқты тақырыптарды талқылайды. Бұдан бөлек, арнайы ораторлық шеберлік, халық алдында сөйлеу, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу турасындағы тренингтерге қатысады, – деді Әнуарбек Мұхтарханов

Айта кету керек, елдегі маңызды саяси оқиғалар арнасында өтіп отырған шараға Астанадан арнайы дәріскерлер шақырылды. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталады. 

Похожее