Президенттің қаулысымен елімізде төтенше жағдай жарияланып, мейрамхана мен кафелердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Алайда шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс орындарын сақтап қалуға тырысып бағуда. Соның бірі – Тимур Болатханұлы. Ол «Мейман» мейрамханасының директоры.
- Облыста енгізілген шектеу шараларына сәйкес, қала тұрғындары үйден шықпай-ақ біздің мейрамханадағы тағамдарға тапсырыс бере алады. Жеткізу тегін. Тағамдар барлық санитарлық талапқа сәйкес әзірленеді. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Тапсырысты қаланың кез келген нүктесіне жеткізіп береміз, - деді Тимур Болатханұлы.
Айта кетейік, аталмыш мейрамханың басшылығы «Халифа Алтай» облыстық мешітімен бірлесе отырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, блок бекеттерде тұрған қызметкерлерге, сондай-ақ жол жөндеушілерге тегін тамақ таратуды қолға алды. Күн сайын 40 порциядан беріледі.
- Ел басына күн туған кезде, осылайша қолдау танытуды жөн деп шештік. Қорыта айтқанда, біз сіздер үшін қызмет етеміз. Сіздер біз үшін үйде болыңыздар, - деді Тимур Болатханұлы.