17.09.2018
Биылғы жылы қыркүйек және қазан айы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінде әскери борышын өтеуге ниетті үміткерлерді іріктеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл Президенттік полктері қатарында еліміздің ең үздік әскери қызметшілері әскери міндеттерін атқарады. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі ҚР ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жататын, ҚР күзетілетін адамдар мен объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган болғандықтан, қызметтің бұл құрылымдық бөліністеріне іріктеу қатаң талаптарға сай жүргізіледі.
Жедел әскери қызметке шақырту науқаны және оған дайындалу процесі үзіліссіз жүргізілетін шара. Шақырту учаскелеріне бекітілген сәттен бастап, әскерге шықырылуына дейінгі мерзімде ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып, әскерге шақыртуға жататын қазақстандықтардың арасында жүйелі түрде тексеру мен зерттеу шараларын жүргізеді. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі Департаменттерге барып, талап бойынша бойы 180 см кем емес әскерге шақырылушының оқу және қызмет орындарынан мінездемелерін, араласу ортасын, бейімділігі мен қызығушылықтарын анықтап, оның психологиялық бет-бейнесімен қатар, медициналық көрсеткіштерін зерделейді. Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес ең бастысы Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда жалғыз әрі нақты шешім қабылдай білу қабілетімен, төзімділігімен әрі зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдылық берілетіні сөзсіз. Сондай-ақ, спорттық және өзге де салалардағы елеулі жетістіктері ескеріледі.
Президенттік полк қатарында әскери борышын өтеуге ниет білдірген ер-азаматтарды іріктеу барысында олардың білімі, яғни интеллектуалдық деңгейіне басты назар аударылады. Себебі, олардың білім деңгейі әскери қызметті сапалы өткерудегі, әрі қызмет сатысымен жоғарылаудағы өте маңызды фактор. Осы орайда, Мемлекеттік күзет қызметінің даму үрдісіндегі басымдылықтардың бірі - ол сапалы кадрлық құрамды жасақтау екендігін айта кеткен жөн. Жеке құрамды жасақтау әскери дайындықтан өтіп, әбден төселген, келісім-шарт негізінде қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің
қатарынан іріктеу негізінде жүргізіледі. Яғни, әскери мамандықты таңдаған "кешегі" сарбаз қызмет бабы бойынша жоғары сатыларға көтерілуге мүмкіндік алады.
Шақырту комиссиясының тиісті барлық іс-шараларынан кейін еліміздің әр өңірінен арнайы іріктеуден өткен бозбалалар тереңдетілген медициналық тексеріске және психологиялық тестілеуге жолданады. Одан кейін барып, мандаттық комиссияның қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосу жөнінде шешім қабылданады.
Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі әрдайым Қызмет басшылығының жіті назарында. Сайдың серке тасындай іріктелініп алынған жас сарбаздар әскери бөлімшелерге келген бетте жаңа әрі ыңғайлы үлгілі киіммен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталады. Мәселен, заманауи казармалық ғимараттар, күнделікті қажеттіліктерді өтейтін арнайы бөлмелер, монша мен кір жуу кешені, жеке-тәрбие жүргізу, ойын-сауық бөлмелері де қарастырылған. Сондай-ақ, жаңа толымдауды қабылдауға арналған бекеттер ескерілген. Оның құрамындағы Қызметтің білікті де білімді офицерлерлері жас сарбаздарға жаңа ортада бейімделуде көмек көрсетіп, әскери кәсіптің қыр-сырын меңгеруде бағыт-бағдар береді.
Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерге жіберіледі. Бұл жерде оларға аса маңызды тапсырма - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының, және өзге күзетілетін лауазымды адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктеледі. Ресми сапармен Қазақстанға келген мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін церемониалды іс-шараларға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзетке алады.
Осындай жауапты қызметті мінсіз атқару үшін Қызметте әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығына да үлкен көңіл бөлінеді. Дайындық барысында жас сарбаздар парашютпен секіру, әр түрлі жағдайда, соның ішінде су мен құрлықта әскери техниканы тізгіндеуді үйреніп, тағы да басқа көптеген әскери жаттығуларды меңгереді. Айта кетерлігі, спорттық жетістіктері бар жас сарбаздар түрлі деңгейдегі, соның ішінде әлемдік ареналарда өтетін жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің тағы да бірден бір ерекшелігі - жас сарбаздар әскери борышын Құрмет қарауыл ротасында өтеу мүмкіндігі. Елімізде тек осы құрылымға ғана Мемлекеттік протоколды атқару жүктелген.
Бозбалалардың көбісі әскери қызметтерін дәл осы Құрмет қарауыл ротасында өтеуді армандайтыны жасырын емес. Себебі, "Айбын" және "Батыр" Президенттік полктерінде сарбаздардың бойында өз-өзіне деген сенімділік ұялайды. Сондай-ақ, әскерде қалыптасқан мінсіз дене мүсіні, айқындалған адымдары, бойындағы күш-қайрат сарбаздардың абыройын асқақтатады. Әрқайсысына жеке тігілетін арнайы киім үлгісі де олардың көркін одан әрі жандандырып, баршаны таңдай қақтырып, қызығушылықты арттыратыны сөзсіз.
Әскердегі қызмет кешегі бозбалалардан халқына адал айбынды ер-азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Әскери тұрмыс олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін, тәлімі мен тәрбиесі мол орта.
Олар батылдық пен жігерлікті, қажыр-қайратты, ерлік пен елдікті, ең бастысы халқы мен Елбасына деген адалдық қасиеттерін бойына жинаған еліміздің қорғандары - айбынды сарбаздарымыз.
Олар еліміздің бет-бейнесі!
Похожее