Қазіргі таңда Өскемен шекара жасағы 874 шақырым Мемлекет шекарасын күзетеді.

27.08.2018

Өскеменде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан ҰҚҚ Шекара қызметінің №2034 әскери бөлімінің қызметкерлерімен кездесті. Айта кету керек, халық қалаулысы арнайы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстанда жүр.

Қазіргі таңда Өскемен шекара жасағы 874 шақырым Мемлекет шекарасын күзетеді. Оның таулы аймағын – 410, жазық даласын 464 шақырым құрайды. Екі комендатура мен он застава құрылған. Құдайберген Ержан мемлекеттік шекараны күзету – елдің ұлттық қауіпсіздігін дамытудың ең маңызды іс екенін атап өтті. Сондықтан әскери қызметкерлерге жүктелген міндеттің салмағы ауыр. Депутат сондай-ақ, заң шығарушылық жұмысына тоқталып, Елбасы Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастамасының басым бағыттарын заң тұрғысынан қолдау тетіктерін тілге тиек етті. Әскери бөлім қызметкерлері өз кезегінде жеңілдікпен баспана алу тәртібінде туындаған қиындықтарын алға тартты. Көтерілген мәседе жалғыз бұл емес. Бөлім басшысының тылдық қорғаныс жөніндегі орынбасары Ринат Сәменовтің айтуынша, кейбір шекара заставаларының ғимараттары, материалды-техникалық базасы мен инфрақұрылым желісінің жағдайы күн талабына сай емес.  

- Шалғайдағы шекара заставаларындағы жағдайды естіп жатырмыз. Ондағы инфрақұрылымын дамыту тұрғысында мәселелер бар. Десе де, қиындыққа қарамастан қызмет өз деңгейінде жүріп жатыр. Жұмыс сапары барысында Катон-Қарағай, Күршім, Тарбағатай, Зайсан және Шемонаиха аудандарындағы бірқатар шекара заставаларын аралаймын. Жеке құрам кездесу өткізіп, материалды-техникалық жағдайын, тамақтандыру, киіммен қамтамасыз ету деңгейімен жіті танысамын, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан. 

Сандарды сөйлетсек, әскери бөлім құрылған кезден бері Мемлекеттік шекара тәртібін бұзған 2625 адам құрықталды, сонымен қатар шекарашылық тәртіпке бағынбаған 5730 тұлға ұсталды. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 302 120 830 теңгені құрайтын контрабанда тәркіленді.  

Похожее