11.05.2018
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ШҚО-дағы 1000-нан астам салымшысы осы жылы қолжетімді үй иесі атана алады, деп хабарлайды 16news.kz Өскемен әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін әкімдікте өткен баспасөз жиынында қала әкімшілгі мен аймақтық Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мамандары жағымды жаңалықтармен журналистермен бөлісті.
Қазіргі уақытта Өскемен қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) желісі арқылы 628 пәтерден тұратын 8 үй салынып жатыр. Бір шаршы метрдің бағасы 100 000 теңгеден басталады.
Бағдарламаға қатысу үшін ҚТҚЖБ салымшыларына шотқа үй құнының 20%-на тең соманы жинау жеткілікті. Алдын-ала займдар бойынша жылдық мөлшерлеме сақталып қалады, яғни 5%-ды құрайтын болады. Несие 25 жылға дейінгі мерзімге ресімделеді.
«Біз бастапқы жарнаны төмендетуге қатысты өзгерістер «Нұрлы жер» бағдарламасына бір айдың ішінде енгізіліп, күшіне енеді деп күтіп отырмыз. Мұның нәтижесінде әлеуметтік тұрғын үйден үміткер жандардың қатары артатын болады. Бір бөлмелі пәтердің бағасы біздің аймақта орта есеппен 5,4 млн теңге деп алғанда, 4 000-дай салымшымыз20% көлеміндегі бастапқы жарнаға ие екенін көруге болады. Олардың барлығы алдағы уақытта baspana.kz порталында ұнатқан пәтерлерін таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш бере алады. Мемлекеттік бағдарлама талаптарына сай келетін және ең жоғары балл жинаған қатысушылар өтеді», — деп түсіндірді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі филиалы директорының орынбасары Айнұр Мейірбаева.
«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында банк салымшылары тек көпқабатты үйлердегі пәтерді ғана емес, жеке коттедждер де сатып ала алады. Шығыс Қазақстан облысында осы жылы мемлекеттік бағдарламаның «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» атты пилоттық бағыты іске қосылып жатыр. Өскеменнің 28-ықшамауданында 89 жеке үй тұрғызылатын болады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, бір шаршы метрдің бағасы 120 000 теңгені құрайды.
Мұндай үйді жергілікті атқарушы органдарда жеке тұрғын үй құрылысына керек деп жер кезегінде тұрған азаматтар ала алады. Үміткер жерді үкіметтен тегін алады, ал сол жерге салынған үйді сатып алу керек болады. Оны өз қаражатыңызға ала аласыз немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген заем арқылы сатып алуға болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің аймақтағы тағы 344 салымшысы банктің «Өз үйім» атты жеке бағдарламасына қатысу арқылы баспана иесі атана алады. Олар үшін Өскемен қаласында Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Қ.Сәтпаев атындағы даңғылдың бойында бес тұрғын үй салынып жатыр. Бір шаршы метр бағасы 165 000 теңгеден басталады.
Похожее