Апаттан зардап шеккендерге баспана сатып алу үшін Глубокое ауданына 60 млн. теңге бөлінді

26.03.2018

Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданындағы Прогресс ауылында қарғын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Азаматтардың өтініші мен ұсыныстарын тыңдап, алдағы таңда атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды. Айта кету керек, қазіргі таңда ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай сақталуда, деп хабарлайды 16news.kz сайты облыс басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Естеріңізге сала кетсек, Глубокое ауданының Прогресс, Белоусовка, Предгорное және орталығы – Глубокое кентіндегі 176 үйге арнасынан асқан өзен суы кіріп кеткен болатын. Прогресс ауылында су кірген 50 үй еністе орналасқандықтан, олардың басым бөлігінен әлі күнге дейін су қайтқан жоқ. 

- Зардап шеккен азаматтар үшін мектептерде уақытша тұратын орын ұйымдастырылды. Екі күннің ішінде жағдайды бағалап, жұмыс істейміз. Кімде-кімнің үйі қирап, мүлдем іске жарамсыз болса, қожайыны келіссе, бірден Белоусовкадан үй сатып алып береміз. Баспана мәселесін шешу, тезарада үйлерді сатып алу үшін ауданға 60 миллион теңге бөлінді. Барлық шығындарыңыз есептелініп, орны өтелетін болады. Бірақ, жағдайды пайдаланып, үйлерін өз қолымен қирату деген болмасын, - деді тұрғындарға аймақ басшысы Даниал Ахметов. 

Ауылдағы жағдайды тұрақтандыру үшін барлық азаматтық және қорғаныс күші жұмылдырылған. Ал ауыл халқы комиссия объективті бағалау жасайтынына үміттіміз дейді.  

- Су келгенде ешбір жиһазды, дүние-мүлкімізді ала алмадық. Үш баламен тек құжаттарды, біраз киім-кешекті жинап шықтық. Бәрі судың астында қалды. Облыс әкімімен кездестік. Шығынды өтейміз деді. Біздің үйіміз ағаштан салынған, су әлі кеткен жоқ. Комиссия объективті шешім шығарады деп сеніп отырмыз, - деді Әсем Базарқұлова. 
Айта кету керек, тұрғындардың киім-кешек, азық-түлік сияқты тұрмыстық қажеттіліктері үшін кеше 10 млн.теңге жолданған болатын. 

Похожее