Деструктивті діни ағымдар және оның қоғамға әсері

16.06.2021

Деструктивті идеологиялардың таралуы еліміздің дін саласындағы өзекті мәселерінің.  болып табылады.  Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында «Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі» деген болатын. Расында да пандемия кезінде жастардың әлеуметтік желілерде бесенділіктері тым артып, сонымен қатар деструктивті діни ағым жақтаушыларының да әлеуметтік желілерде  қызу іске кіріскендігін  сарапшы  мамандар растап.отыр.

  
«Деструктив» деген сөзге  талдау жасасақ,  терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни бүлдіргіштік, залал тигізуге ұмтылыс, нәтижесіздік деген мағыналарды береді екен.

Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзып, НЛП яғни нейро-линвиствкалық бағдарламалау тәсілін, басқа да психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып зиянын тигізетін ағымдар. Оларға мүше болған адамдар  әлеуметтік ортадан оқшауланып, сол діни топтың уағызшыларына   көзсіз бағынатын болады.  Және де қоғамда қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, өнер мен  мәдениетті жоятын қоғамға қауіпті ұйым. Деструктивті ағымдарда жасырын психологиялық зорлық-зомбылық қолданылады. Барлық деструктивті діни ағымдардың  түпкілікті максаты - адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу.

Батыс зерттеушісі У.Мартин өзінің «Культтер патшалығы» деген танымал еңбегінде деструктивті культке мынадай анықтама берген екен: «Деструктивті культ - бұл өзінің жақтаушыларына толық бақылау орната алатын және  әмірлі түрде бір адам немесе шағын адамдар тобымен басқарылатын топ».

 Олар көбінесе эмоциялық әдістерді пайдаланады, сондай-ақ адамға психологиялық әсер ете отырып, адамды отбасынан, қоғамнан, өз халқының мәдени және әлеуметтік өмірінен ажыратуға тырысады. Өйткені түп  тамырынан, жақындарынан ажыраған адам әлсіз болады. Сондықтан да жат діни ағымдардың жақтаушыларына ондай адамдарды басқаруға жеңіл.  Бұл ағымдарды қоғамға қарсы әрекет ететін ұйымдар ретінде сипаттауға да  болады. Дінді өз қалауларына қарай бұрмалағандықтан, оларды псевдодіндер (жалған діндер) деп атайды. Яғни  «Псевдо» (жалған) сөзі келесі сипаттаманы береді: мұндай ұйым сырттай қарағанда дұрыс дінді ұстанып жүрген сияқты көрінеді. Барлық әдет-ғұрыптар жоралғы іс-әрекеттерін  жасауы да мүмкін.  Уағыздаушылары сөздің майын тамызып, адамдарды өзіне баурап керемет сөйлесуі де мүмкін. Алайда олардың әрекеттері адамды рухани жетілдіру мен өнегелік құндылықтарға бейімдеуге бағытталмаған. Адамға рухани және денелік қысым жасалынады. Олардың санасына «бізден басқа ешкімді тыңдама, теледидар көрме, жаңалық тыңдама, музыка харам, тойға және қонаққа барма, олармен бір дастарханға отырма, бірінші болып амандаспа, балаларыңды үйлендірме» деген сияқты қатаң тыйымдарды сіңіреді.

Кейде дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің, деструктивті культтердің арасындағы нақты айырмашылықты көрсету қиынға түседі. Сол себепті қоғамға қауіп төндіруі ықтимал ұйымдардың негізгі белгілерін анықтауға тырысамыз. Сонымен, деструктивті культтерге келесі сипаттамалар тән:

- Харизмалық көшбасшының болуы. Көптеген культтер харизмалық көшбасшылардың, яғни көпшіліктің арасынан ерекшеленетін және басқаларға әсер ете алатын айрықша қасиеттерге, харизмаға (грек. сһагізта - қабілет, талап) ие тұлғалардың айналасында жинақталады. Мұндай адамдар көбінесе өздерін Құдайдың атынан сөйлеуге және басқаларды өмір сүру ережелеріне үйретуге құқылы деп есептейді.

- Жабықтық және қоғамға қарсы тұру. Көбінде мұндай культтер ерекше қауым, үлкен отбасы сияқты қалыптасады. Мұндай «отбасылардағы» ережелер өзгеше. Культтің жақтаушылары ортақ қауым мүддесі үшін өздерінің пәтерлерінен, көліктерінен және басқа да мүліктерінен айырылып жатады.

- Жат ағымдарға мүше болып кірген адамдардың  өмірлеріне бақылау жасайды. Өйткені деструктивті ағымдардың барлығы да өздерінің жаңа мүшелерін қатаң бақылауға алу тән.  Ұйымның уағыздары мен көшбасшыларына деген сыни қатынасқа жол берілмейді. Жақтаушылардың отбасынан, қоғамнан оқшаулануы сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Егер туысқандары, жақындары онымен санасқысы келмесе, олармен барлық қарым-қатынастарды үзуге итермелейді. Бұл көптеген отбасы институтының бұзылуына алып келеді. Мәселен намаз оқымағаны үшін  немесе орамал тақпағаны үшін отбасын тастап кеткен адамдар  туралы оқиғалар осының айғағы.

- Манипуляцияларды қолдану. Секта мүшелеріне бақылау жасау олардың іс-әрекеттерін манипуляциялау арқылы жүзеге асырылады. Кәдімгі сендіру күштері жетіспеген жағдайда топ көшбасшьшары гипноз, медитация, ұзақ уақыт ғибадат ету, бір фразаны бірнеше рет қайталау сияқты амалдарды пайдаланады. Сол  өмірге психологиялық тәуелді етіп қояды. Мұндай қауымдардың мүшелерінің әрекеті тұрақты түрде белгілі бір практикаларды және психогехникаларды колданудың салдарынан бақылауға оңай беріледі.

-Жақын арада ақыр заманның болуын күту. «Жаңа діндер» ілімінің маңызды ерекшелігі - ақиқат ақыр заманды күту, адам өмірін алдын-ала болжауды, тағдырға бағыныштылықты насихаттау болып табылады.

Кез келген деструктивтік діни ұйымы және оның жетекшілері өзінің қатарына жаңа адамдарды  тартуға ұмтылып, бірінші кезекте олардың өмірлік маңызды мұқтаждықтарына назар аударады.

Сондықтан, адамды деструктивтік діни ұйымына тарту себептері жетерлі, олардың арасында:

- отбасында, қоғамда, достардың арасында өмірлік іс-әрекетке ынталандыратын түрткінің жоқтығы;

- өмірдегі махаббат, достық, ұжымшылдық, құрмет, ынтымақтастық сияқты басты құндылықтары бағытынан адасу;

- айналадағы жақын және туған бауырларымен байланыс үзу, оған қоса, мектеп / ЖОО тамамдағанына байланысты; оқу / жұмыс ауыстыру байланысты отбасынан айырылу; тұрақты жұмыстың жоғалтуы / ауысуы, отбасының ажырасуы / ыдырауы, жақын адамдардың ауруы/жоғалтуы; тұрмыс қалпының өзгеруі;

- отбасындағы жағдайсыз моральдық-психологиялық және материалдық жағдайға байланысты;

Деструктивтік діни ұйымының жетекшілері көпшілік адамдардың өміріндегі осы ерекшеліктерді жақсы біледі, сондықтан, адамдарды өзінің қатарына тарту барысында, оларға байлық береке уәде беріп, ақырында деструктивтік ұйымына алып келеді. Зерттеп қарағанда  Сириядағы соғысқа  кетіп қалғандардың кейбіріне әлеуметтік-тұрмыс жағдайларының төмендігі себеп болған екен.  Олардың кейбірі  «Сирияда шариғат заңдарына негізделген әділетті қоғам мен жайлы тұрмыс, тұрақты жалақы төлеп тұруға уәде еткен  соң кеттік»,-  деп ақталады.

Қазіргі уақытта елімізде діни ахуал тұрақты. Дін мәселесін зерттеумен айналысатын  мамандардан құрылған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы да өз нәтижесін беріп, жат ағымдардың  жолына тосқауыл бола алды деуге болады. Жат діни ағымдардың қызметінен зардап шегушілермен адрестік жұмыстар, оларды қалыпты ортаға қайта оңалту жұмыстары да жүргізіліп келеді.  Діндер тарихына үңілетін болсақ сан жылдар бойы дін атын жамылған талай жымысқы жат ағымдар пайда болып, кейін қайтадан жойылып кетіп отырған. Деструктивті діни ағымдардың бірі құрыса  оның орынына жаңасы пайда бола қалып, ғаламтор арқылы жылдам таралуы да  таң қалатын үрдіс емес. Сондықтан  да біз өз мүмкіндігіміз бен қабілетімізді, ықпалымызды пайдаланып, өскелең ұрпақты жат ағымдардың идеологиясынан сақтап қалуымыз керек. Ол үшін мемлекет болып, қоғам болып жұмыла күресуіміз тиіс. Жастардың бойына патриоттық сезім,  қоғамдағы зайырлылық қағидаттарының нығаюуына,  дәстүрлі  құндылықтарымыздың берік сақталуын баса көңіл аударуымыз маңызды.

 

Ермек Құрманғалиев.

 ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы.

Похожее