«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы шеңберінде өтіп жатқан экспедиция серияларының келесі бағыты – «Теңізден теңізге дейін» деп аталады.

11.09.2018

Бағыт Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумағымен жүреді. Экспедиция мүшелері жүріп өтуі тиіс жолдың жалпы қашықтығы шамамен 3,5 мың шақырым.

Жоба Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша, Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын атап өту аясында жүзеге асырылуда, жобаның негізгі ұйымдастырушысы - «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы.
Саяхатшылардан, телевизия журналистері мен туроператорлардың өкілдерінен, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден тұратын қатысушылар тобы арнайы дайындалған автокөлікпен Алматыдан Түркістанға қарай жолға шығады, сол жерден Қамбаш көлі мен Қызылорда облысына бет алады. Қамбаш көлі емдік қасиеті бар мөлдір суымен әйгілі. Мұнда көк аспанды жыл бойы бұлт торламайды. Осы жерден экспедиция мүшелері тартылып бара жатқан Арал теңізінің жағасына жол тартады.
Арал теңізінің тартылып бара жатқаны қазақстандықтарды ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығын алаңдатып отыр. Бір кездері шалқыған теңіз, бұл күнде көлеміне қарай көл аталып, бірнеше жылдан бері жойылу қаупінде тұр. Тартылмай тұрып, Арал теңізі көлемі жағынан әлемде төртінші орындағы теңіз болатын.
Арал теңізінің байырғы байлығының, мұнда кәсіпшілік кемелердің жүзгенінің және гүлденген оазис орталығы болғанының бүгінгі куәсі – аппақ тұзды далада шашылып қалған кемелердің қаңқасы, туристерді тартатын да осылар. 
Картадағы келесі баратын жер – Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы. Мұнда Бейнеу аталатын ХVІ ғасыр ескерткіштерінің діни-жерлеу кешені бар. Екі терең жыра 800-ден аса нысаны бар қорымды үшке бөліп тұр. Ескерткіштер әртүрлі архитектуралық нысанда жасалған, олар: күмбездер, бір бөлмелі кесенелер, құлпытастар мен тағы басқалар. Жаңаөзен қаласынан 132 шақырым жерде Маңғыстау өңіріндегі ең қасиетті мекен – Бекет ата жер асты мешіті бар.
Ары қарай экспедиция мүшелері Маңғыстау облысындағы тағы бір тамаша жер – Тамшалы шатқалына барады. Шатқал басталатын жерден 8 шақырым жерде Тамшалы көлі бар. Бұл жер құлама жартас жігінен құлай аққан сарқырамасымен танымал.
Маңғыстаудың «ашық аспан астындағы мұражай» аталуы жайдан жай емес, мұнда жүзден астам табиғи және археологиялық ескерткішті көруге болады. Солардың бірі – Торыш алқабы. Бұл - мыңдаған шар тәрізді тастардан тұратын алқап. Олардың кейбірінің радиусы үш метрге дейін жетеді. Сондай-ақ экспедиция мүшелерінің жолы геологиялық орасан шөккін – Жығылған ойпаңы арқылы өтеді, олар Сұлтан Үпі және Шақпақ Ата жер асты мешіттерін көретін болады. Сазды-әк сатыдан тұратын Тұзбайыр сортаңы – табиғаттың ерекше жаратылысы, Шерқала және Айрақты таулары туристердің алдына керемет пейзажды жайып салады.
Саяхатшылар Бозжыра алқабының аппақ шыңдары, шатқалдары, таулары арқылы өтіп, Каспий теңізінің жағалауына, Ақтау қаласына келіп, сапарын аяқтайды. 
«Қазақстанның Батыс аймағының туристік әлеуетін ашудан бөлек, бұл бағыттың негізгі міндеттерінің бірі – экологиялық мәселелерге, соның ішінде Арал теңізінің тағдырына қоғам назарын аудару», - деді Дәурен Раптаев, экспедиция жетекшісі.
Экспедиция 21 қыркүйекке дейін созылады. «Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасындағы соңғы экспедиция Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағын қамтитын «Жаңа Жібек жолы». «Жаңа Жібек жолы» бағытына National Geographic Ресей телеарнасының командасы қатысады.

Похожее