22-наурыз мерекесі қарсаңында Өскемен қ. полиция басқармасы студенттерге арнап «Ашық есік күнін» ұйымдастырды.

22.03.2019

Мақсат-өсіп келе жатқан жастарды полиция қызметімен, соның ішінде басқарманың күнделікті тынысымен жанжақты таныстыру. Алдымен тәртіп сақшылары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде заң саласы бойынша білім алып жатқан студенттермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында полицейлер өз қызметтерінің қаншалықты қиын да жауапты екенін айта келе, болашақ заңгерлерді басқармаға қызмет атқаруға үндеді.

Аталған университеттің кешегі түлегі, бүгінде Өскемен қ. ПБ кадр жұмысы бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Қарлығаш Қыстаубаева құқық қорғау органына қалай келгенін, басынан өткерген қызықтар мен қиыншылықтары жайында кездесуге келгендерге кеңінен әңгімелеп берді. Кіші сержант шенімен қызмет бастаған қаршадай қыздың подполковник шеніне дейін жеткені студенттерге шынында да әсер қалдырды.

Кездесуден кейін ұл-қыздарды тәртіп сақшылары арнайы автобуспен ШҚО ПД аясында орналасқан жедел басқару орталығына, мұражайға, сонымен қатар криминалистік орталық пен қала сыртындағы қызметтік иттерді ұстайтын питомникке саяхатқа апарды.

Сондай-ақ, ұлыстың ұлы күніне орай басқармада салтанатты шара өткізілді. Жеке құрам мен ардагерлер кеңесі шақырылған шараны басқарма басшылығы құттықтау тілегімен бастап, қызмет барысында жақсы көзге түскен қызметкерлерді мақтау қағаздарымен марапаттады. Кешке арнайы шақырылған өнер иелері көпшілікке тамаша көңіл-күй сыйлап, мерекенің қызығын арттыра түсті. Соңында барлық қонақтар мен қызметкерлер мерекелік дастарханға жиналып, наурыз көжеден дәм татысты.

 

Похожее