27.02.2019
Сөйлеудің коммуникативтік функциялары ойлау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді, ал бұл өз кезегінде баланың бейімді тәртібін, эмоциялық-ерік-жігер қасиеттерін және адами тұлғасын құруға өз үлесін қосады. Сөйлеудің танымдық қызметі сөйлеудің коммуникативтік қызметімен тығыз байланысты. Сөйлеудің реттеуші қызметі 4-5 жасқа қарай қалыптасады, ол кезде баланың саналы сөйлеу қабілеті дами түседі. Бұл қызметтің дамуы баланың іштей сөйлеу, тәртібі мен интеллектуалды қызметін реттей және басқара алу қабілетінің дамуымен тығыз байланысты.
Сөйлеу дағдыларының қалыпты даму тәртібі:
Балалардың сөйлеу қабілетіндегі бұзушылықтарды уақытында анықтау үшін балалардың сөйлеу дағдыларының қалыпты даму заңдылықтарын білу қажет. Балалар алғашқы сөздерін өмірінің 1-ші жылының соңында айта бастайды, алайда сөйлеу аппараты балаларда бұдан ертерек, өмірінің алғашқы айларынан бастап жаттықтала бастайды, сондықтан бір жасқа дейінгі мерзім сөйлеу қабілетінің даму жолында дайындық кезеңі болып табылады. Сөйлеуге дейінгі реакциялардың біртіндеп дамуы мынандай болады: 1,5-3 айда үілдеу, гүілдеу; 4-6 айда «сыбызғы» (әртүрлі дыбыстар тізбегі); 6-7 айда былдырлау; 8-11 айда былдыр сөздерді айту пайда болады.
Өмірінің алғашқы жылында баланың сөйлеу аппараты дыбыстар шығаруға дайындалады. Аталған сөйлеу реакциялары балалар үшін ерекше ойын ретінде қабылданады, сәби ұзақ минут ішінде бір дыбысты қайта-қайта қайталап, содан ләззат алады, осылайша ол сөйлеу дыбыстарының артикуляциясына жаттығады. Жаттығу кезінде сөздің мағынасын ұғыну қабілеті де бірге қалыптаса бастайды.
1,5-2 жасқа дейін сөйлеу қабілеті дамуының маңызды көрсеткіші сөз айта алу ғана емес, сол сөздің мағынасын түсіну болып табылады. Бала ересек адамдарды мұқият және қызыға тыңдай алуы, өзіне айтылған сөзді түсінуі керек, көптеген заттардың атауларын біліп, қарапайым тұрмыстық жұмсау мен сұрауларды орындай алуы тиіс. Өмірінің екінші жылында бала сөздер мен сөз тіркестерін қолданып, сөйлесе алады, экспрессивтік сөйлеу қалыптасады.
1 жастан 4 жасқа дейінгі сөйлеу дағдыларының қалыпты даму тәртібі:
9-18 айда анық, саналы сөйлеудің (сөздердің) пайда болуы. Алдымен 1,5 жасқа дейін бала, негізінен, сөздерді түсінуге үйренеді, ал 1,5-2 жастан бастап баланың сөйлеу қабілеті жылдам дамып, сөз қоры өсе түседі. Бала түсінетін сөздер саны (белсенді емес сөздік) бала айта алатын сөздер санынан (белсенді сөздік) әлі көбірек болады.
1,5-2 жаста екі сөзден тұратын сөйлемдер, ал 2-2,5 жаста үш сөзден тұратын сөйлемдер пайда болады. Бала 3-4 жасында 4-тен немесе одан да көп сөзден тұратын сөйлемдер айта алады.
Сөйлеу қабілетінің дамуы бұзылған кезде бұл бала тұлғасының жалпы қалыптасуына, оның интеллектуалдық дамуы мен тәртібіне ықпал етеді, оқуда және қоршаған ортамен тіл алысуда қиындықтар туғызады.
Сөйлеу қабілетінің бұзылуы – орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) әртүрлі деңгейінің күрделі бұзылыстар кешені: ми қабығы, қабықтың асты, диэнцефалдық бөлігі, ми бағаны. Бұл бұзылыстардың құрылымы әртүрлі болады: атрофия және ишемия бөліктері, киста мен ісіктер, мидің белгілі бір жүйелері мен бөліктерінің биологиялық жетіспеушілігін тудыратын тамыр бұзылыстары. Мұндай бұзылыстар аясында мидың ғана емес, сонымен қатар сенсорлық жүйелердің дисфункциялары пайда болады.
Алалия – сөйлеу қабілетінің жүйелі дамымауы, бассүйек миының үлкен жарты шарлары қабықтарында сөйлеу орталықтары дамуының жеткіліксіз деңгейі, ол туа біткен немесе сөйлеуге дейінгі мерзім кезінде, онтогенездің ерте сатысында жүре пайда болуы мүмкін.
Бас миы қабығының сөйлеу бөліктерінің жергілікті бұзылыстары салдарынан сөйлеу қабілетін толық немесе жартылай жоғалту афазия деп аталады. Афазия – қалыптасып қойған сөйлеу қабілетінің жоғалуы, сондықтан мұндай диагноз 3-4 жастан кейін қойылады.
Дизартриялар – сөйлеу бұлшықеттері иннервациясының бұзылуы салдарынан сөйлеудің дыбыс шығару қызметінің бұзылуы. Орталық жүйке жүйесінде бұзылыстардың орналасуына қарай дизартриялар мынандай түрлерге бөлінеді: псевдобульбарлық, бульбарлық, қабық астында, мишықтық.
Сөйлеу қабілеті бұзылуының себептері әртүрлі болуы мүмкін, мысалы орталық жүйке жүйесінің перинаталдық зақымдаулары – ананың жүктілік және босану кезіндегі аурулары мен қиындықтары (ұрықтың гипоксиясы, құрсақ ішіндегі инфекциялар, шала туу, босану кезіндегі жарақаттар), артикуляциялық аппарат қызметінің ақаулары, есту қабілетінің зақымдануы, баланың жалпы психикалық дамуындағы артта қалушылық, тұқымқуалаушылық пен жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалы. Дене дамуында ақаулары бар, ерте жасында ауыр ауруларға шалдыққан, әлсізденген, дұрыс тамақтанбайтын балалардың да сөйлеу қабілеті бұзылады.
Жыл сайын Ана мен бала орталығында амбулаторлық түрде осындай диагнозбен 300-350 бала емделеді. Соңғы кезде сондай диагнозбен ауыратын балалар саны өсе түсуде.
Бұл бұзылыстарды ертерек анықтау үшін шағым мен анамнез жинаудан басқа нейровизуализация жасау қажет: бас миының фунционалдық жағдайын бағалауға көмектесетін электроэнцефалография жүргізу керек. Балалардың сөйлеу қабілетінің бұзылуын емдеу кезінде тәрбиелеу шарттарын өзгерту ғана емес, сонымен қатар дәрігерлердің үнемі кеңес беруі, сабақ жүргізуі қажет. Бұл бұзылыстарды түзету үшін ұзақ уақыт және көп күш жұмсау керек болады. Балалардың сөйлеу қабілетінің бұзылуын түзетудің негізгі бағыттары кешенді ықпал ету болып табылады: балаға және оның отбасына логопедиялық, психологиялық-педагогикалық, психотерапевтикалық көмек көрсету, сонымен қатар медикаментоздық емдеу (ноотроптық препараттар қатарын қайталап қабылдау курстары). Балалардың сөйлеу қабілетінің бұзылуын түзету әрбір балаға жеке құрылған жоспарлар бойынша жоспарланады және жүргізіледі. Айта кету қажет, баланың сөйлеу қабілетінің бұзылуы неғұрлым ерте анықталып, оны арнайы мамандар емдей бастаса, сол кезде жақсы нәтижелерге жылдам жетуге болады, өйткені, балалардың миы бала өмірінің алғашқы жылдары жақсы жетіледі.
Ана мен бала орталығының невролог дәрігері Пушкарева Назым Болатовна
Похожее
21.05.2024 19:39
Получается, что землю уже раздали для...
21.05.2024 19:35
...
03.05.2024 19:27
Полицейские начали служебное расследование по...