Бейбіт күннің батыры.

08.09.2018

Әр адам батыр бола алады, бірақ ол үшін міндетті түрде соғысқа қатысу, кепілдегілерді құтқару немесе шыңдарды бағындыру қажет емес. Ерлік істі жасау үшін кей сәтте тек қайырымдылық пен қырағылық жеткілікті.

Тамыз айының соңында Өскемен қаласының Ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полициясы батальонының инспекторы полиция лейтенанты Қаханов Нұрболат Түсіпханұлы қызметтен кейінгі демалыс күні түс ауа дәріханаға бару үшін үйінен шығады. Көздеген жеріне жақындай бере оның көзіне ер адамның қасында келе жатқан екі бала түседі. Балалардың жүзі таныс секілді болған соң қайдан танимын деген ойға берілген оның есіне өткен күні қызметте таңертеңгілік таратуда 4 және 2 жастағы ұлдың жоғалғаны туралы бағдар таратылғаны түсе кетеді. Дәріханадан дәрі алуға шыққанын лезде ұмытқан ол бірден партульдік наряд шақырып үлгеріп, сол мезет еркек пен балаларға жақындап, қайдан жүрген балалар, қасындағы ер адамның кім екендігін және балалардың ата-анасы қайда екендігін сұрай бастайды. Бірер минут ішінде патруль келіп үлгергенше инспектор барлық жайға қанық болады. Бұл еркектің балалардың әкесімен көшеде танысқан жаңа танысы екендігі, әкелерінің қасында бүлдіршін балаларының барын және балаларының өмірі мен қауіпсіздігін ескермей ішімдікпен әуестенгені мәлім болады. 

Анығына келсек, балалардың ата-анасы Үржар ауданында тұрады екен. Шілде айының соңында отағасы екі ұлын ертіп өзінің Зайсанда тұратын әке-шешесіне бармақшы болып жолға шығады. Ол жақта жарты айдай қонақта болған әке мен балалар үйлеріне облыс орталығы арқылы қайтатындықтарын айтып аналарына телефон шалады. Қалада тұратын туыстарын 3 күн аралаған соң автобекетке кеткен олар сол күйінше үйлеріне оралмайды. 20 тамыз күні балалардың әкесі әйеліне телефон шалып, өздерінің әл қалада екендіктерін, қайтар жолға ақшалары болмағаннан кейін ақша жіберуін өтінеді. Сұралған ақша жіберілсе де үйдегі ана жұбайы мен балаларын таппай қалады. Телефон сөндірулі болғандықтан барлық туыстарына хабарласқан аналары 28-тамыз күні жергілікті аудандық Ішкі істер бөліміне арыз жазады. Осыдан кейін барлық полиция бөлімдеріне балалар мен әкелерінің жоғалғаны жайында бағдар таратылып, нәтижесінде 2 күннен кейін отбасы аман-есен табысады.   

Қызметтен тыс демалыс күнінде болса да барлық шаруасын сырып тастап, балаларға көмек қолын созған Қаханов Нұрболаттай инспектордың қырағылығының арқасында арақ ішуде болған әкенің қасында қараусыз қалған қос бүлдіршін адаспай, ауырып-сырқамай, оқыс жағдайларға ұшырамай дін-аман үйлеріне оралып, отбасылық оқиға сәтімен аяқталды.  

Похожее