ШҚО: Бала асырап алудың тәртібін түсіндірді

14.03.2020

 Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік» жобасының жетекшісі Ляззат Жүсіповамен кездесу өтті. Басқосу барысында «Неке және отбасы туралы» кодекске енгізілген бірқатар өзгертулер талқыланып, бала асырап алу үшін сертификатты қалай алу қажеттігі кеңінен түсіндірілді.
 – Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы «Ана үйі» қоғамдық қорының жанынан Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылды. Кодекске өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, жеке бала асырап алу агенттіктері заңдастырылды. Бұдан бөлек, бала асырап алушылар ең алдымен ата-ана мектебінде оқып, сертификат алуы міндеттелді, - деді Ляззат Жүсіпова.
Естеріңізге сала кетейік, «Неке және отбасы туралы» кодекске енгізілген өзгертулер 2020 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі бала асырап алу агенттіктерін тіркеуден өткізудің ережесін әзірлеуде.
–  Еліміздің барлық облысындағы «Ана үйі» жанынан асырап алушылар мектебі ашылды. Онда келушілерге бала асырап алу шарттары мен тәртібі түсіндіріледі. Сонымен қатар  ата-ана болуға психологиялық түрде дайындалуға көмек көрсетіледі. Мәселен 2016-2019 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысындағы асырап алушы ата-аналар мектебінде 140 адам тәлім алды. Нәтижесінде 66 адам 86 баланы қамқорлыққа алды, - деді Ляззат Жүнісова.
Бұдан соң жауапты сала мамандары өңірдегі балалар үйінің директорларымен кездесіп, аталмыш жобаның мәні мен маңызын түсіндірді.

Похожее