ШҚО-да коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары жүргізілуде

14.03.2020

ШҚО  ақпараттық орталығында коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын күшейтуге байланысты брифинг өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат қатысып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
- Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары жүргізілуде. Жалпы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей бақылауында, - деді Әлішер Мархабат.
Брифингке денсаулық сақтау, білім, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, сондай-ақ кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармалары мен қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшылары қатысты.
Брифинг барысында спикерлер Шығыс Қазақстан облысында коронавирустың алдын алу үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, өңірімізде сақтық шараларын күшейту мақсатында медициналық қызметкерлер үш ауысымда жұмыс істейтінін болады. Сондай-ақ брифингте басқарма басшысы облыста коронавирус таралды деп жалған ақпарат таратқан адамдар заң алдында жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
- Инфекцияның алдын алу үшін жеке бастың гигиенасын сақтау қажет. Егер дене қызуы көтерілсе, ауруханаға бармай, жедел жәрдем шақырып немесе 1406 телефон нөміріне қоңырау шалу керек. Сонымен қатар халық көп жиналатын орындарға баратын болсаңыздар, маска кию қажет. Негізі медициналық масканы науқастар ғана киюі тиіс. Ал денсаулығы жақсы адамдарға маска қажет емес, - деді Ілияс Мұхамеджан.
Облыстағы барлық оқу орындарында санитарлық-дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі Оқушылар 16 наурыздан бастап мерзімінен бұрын демалысқа шығады. Ал сабақ 5 сәуірде басталады. Брифингке қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова осылай деді.
- Колледждер мен университеттердің студенттері қашықтықтан білім алатын болады, - деді басқарма басшысы.
Брифингке қатысқан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шорманов алдағы уақытта медициналық маска тапшылығы жойылатынын атап өтті. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылуда.
- Облыс әкімінің тапсырмасына орай жергілікті кәсіпорындарда дәкеден медициналық маска өндірілетін болады, - деді Ержан Шорманов.
Қоғамдық шараларды өткізуге тыйым салынды. Ал кинотеатрлар жекеменшік иелігінде болғандықтан, бұл мәселе алдағы уақытта қарастырылатын болады. Бұл туралы брифинг барысында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова мәлім етті.
-        Жаппай мәдени және спорттық шараларды, конференциялар мен көрмелерді өткізуге уақытша тыйым салынды, - деді Раушан Нұрмұханова.

Похожее