Шығыс Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Брифинг барысында басқарма басшысы облыстағы мектепке дейінгі білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлім етті.
– Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты бүлдіршіндерді үйде қараймыз деген ата-аналарға ешқандай шектеу қойылған жоқ. Егер баланы қарауға үйде мүмкіншілік болмаған жағдайда бала күнделікті тәртіппен онда балабақшаға барады- деді Сайрангүл Жұмаділова.
Өңір мектептерінде білім алып жатқан оқушылар 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін мерзімінен бұрын демалысқа шықты. Алайда соған қарамастан мұғалімдер қашықтықтан жұмыс істеуде. Сонымен қатар қосымша білім беру мекемелерінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Брифингке қатысқан басқарма басшысы осылай деді.
– Мұғалімдердің еңбекақысы сақталады. Бұл туралы директорлармен акт жүргізілуде. Біз облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес қашықтықтан оқытудың техникалық жолдарын зерделедік. Бүгінгі күні колледж студенттерінің қашықтықтан оқуға толық мүмкіншілігі бар. Сондай-ақ қажет болған жағдайда мектеп оқушыларын да қашықтықтан оқытуға дайынбыз- деді Сайрангүл Жұмаділова.
Брифинг барысында басқарма басшысы кейбір студенттер жатақханада тұрып, қашықтықтан білім алып жатқанын атап өтті. Оған барлық жағдай жасалған. Студенттердің барлығы электронды білім беру платформалары арқылы сабақ оқуда.
- Мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарынан онлайн өте алады. Ал наурыз бен сәуір айларында өтетін олимпиадалар кейінге шегерілді. Сондай-ақ білім алушылардың халықаралық жарыстарға, сондай-ақ мәдени, спорттық, туристік, шараларға қатысуына тыйым салынады. Бұдан бөлек білім беру ұйымдарында бұқаралық шараларды уақытша өткізуге болмайды, - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, өңірдегі барлық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде санитарлық-эпидемиялық шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар аталмыш мекемелердің барлығы антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілгенін атап өткен орынды.