28.10.2018
«Восток» алаңында кезекті рет облыстың үздік командасы анықталды. Бұл жолы «Востокцветмет» ойыншылары өзінің мықтылығын көрсетті. Финалдық кезеңге барлығы тоғыз команда қатысқан еді. Оның ішінде Өскеменнен үшеу, Семейден үшеу және қалған үшеуі аймағымыздағы аудандардан жиналған ұжымдар. Айта кетейік, топтық ойындар қазанның 5-7 аралығында Семейде өтті. Финалдық матч та осы қалада өтеді деп жоспарланған. Алайда ақтық сынға Өскеменнен екі команда, Риддерден бір ұжым шығуына орай, ақтық ойындар Өскеменде өтті. Соңғы шешуші кездесулерде Риддер қаласының ойыншылары «Риддер ЛНП» футболшыларына 0:1 есебімен ұтылды. «ВЦМ» командасы да риддерлік футбошыларға жауапсыз 8 гол салып, айтарлықтай сенімді ұтты. Өз кезегінде «ВЦМ» және «Риддер ЛНП» командалары 0:0 ойнап, тең тарқасты. Десе де, соғылған және жіберілген доп айырмашылығына қарай, «ВЦМ» футболшылары Біріншілікте топ жарды.
Ұйымдастыру комитеті үздік ойыншыларды келесі аталымдармен анықтады: «Үздік қақпашы» – Иван Сивожелезов (ВЦМ), «Үздік қорғаушы» – Дмитрий Карпов (Риддер), «Үздік жартылай қорғаушы» – Илья Бобровников (Риддер-ЛНП) және (ВЦМ) ұжымындағы Дархан Юсупов «Үздік шабуылшы» деп ерекшеленді. Естеріңізде болса, «ВЦМ» ойыншылары 2016 жылы облыстың абсолютті чемпионы болған еді. 2017 жылы семейлік «Достар» футболшыары топ жарса, енді міне, араға жыл салып «ВЦМ» командасы чемпиондық атағын қайтарып алды. Жүлдегерлер мен жеңімпазға дипломдар, Кубок, медальдар және естелік сыйлықтар табыс етілді.
Дәл осы күні саланатты жағдайда ШҚОФҚ шағын футболдан облыс және қала Біріншілігінде үздік ойын көрсеткен ардагерлерді марапаттады. Сайыстың бас төрешісі Сергей Дурницынның айтуынша, ардагерлер арасында турнир жеңімпазы анықталғанға дейін қандай да бір командаға басымдық беру мүмкін болмапты. «Батыр» және «Кеден» футболшыларының турнир кестесінде жинаған ұпайы тең болған. Десе де, «Батыр» командасы жекелей кездесуде «Кеденнен» 1:0 есебімен басым түсті. Осылайша, «Батыр» футболшылары сайыста үздік шықты. «Кеден» командасы екінші орын, ал «Востокмашзавод» ұжымы жүлделі үштікті қорытындылады. Аталымдар бойынша жоғары деңгейлі ойын көрсеткен қатысушылар келесідей анықталды: «Үздік қақпашы» – Антон Афанасьев (Батыр), «Үздік қорғаушы» – Сайд Аймұхан (Батыр), «Үздік жартылай қорғаушы» – Павел Якупов (Востокмашзавод) және Руслан Смагулов (Кеден) сапынан «Үздік шабуылшы» аталымына лайық болды.
Айтулы жайт деп мүмкіндігі шектеулі спортшыларды марапаттау сәтін айтуға болады. Бұл футболшылар арасында сайысқа төрт команда қатысты. Екеуі Өскеменнен, тағы екеуі Семейден еді. Қорытындысында, «Өскемен 1» ойыншылары жеңімпаз атанды. Екінші орын «Семей 1» ойыншыларына бұйырса, «Семей 3» жүлделі үштікті түйіндеді. Алайда ШҚОФҚ ұйымдастыру комитеті аталмыш жарысқа қатысқан төрт команданы да марапаттауға жөн көрді. Оларға медальдар, мадақтама қағаздары, Кубок және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ оларға Қазақстан футбол Федерациясы атынан доптар табыс етілді. Өз кезегінде «Өскемен 1» сапынан Рүстем Курбанахунов, «Семей 1» құрамындағы Қайрат Шаханов және «Семей 2» ойыншысы Александр Иванченко үздік ойынымен ерекшеленді. Бұл күндері қыздар арасында футболдан облыс чемпионаты өтуде. Олар үздікті анықтаған соң, жазғы маусым өз мәресіне жетеді.
Осы жылдың маусымы қызықтықты әрі тартысқа толы болды. Қазір командаларды аздаған демалыс күтіп отыр. Бір айдан соң, спорт залдары модульдерде жарыстар бастау алады. Қыста жаз маусымындағыдай турнирлер мен сайыстар көптеп өткізіледі.
Похожее
21.05.2024 19:39
Получается, что землю уже раздали для...
21.05.2024 19:35
...
03.05.2024 19:27
Полицейские начали служебное расследование по...