6 сәуірден бастап Өскемен қаласының тұрғындары облыс орталығында жүріп-тұруы үшін рұқсат қағазын алуы тиіс. Егер рұқсат қағазы болмаса, қала ішінде жүріп-тұру шектеледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қала әкімі Жақсылық Омар мәлім етті.
- Бірінші типті рұқсатнама бойынша қала тұрғындарын медициналық қызметпен, сондай-ақ су, электр және жылумен жабдықтау, авариялық қызметтер, қаланы дезинфекциялау, ҚТҚ жинау және кәдеге жарату, телекоммуникация, көлік және әлеуметтік қызметті қамтамасыз ету қызметтері саласында еңбек ететін адамдарға беріледі, - деді Жақсылық Омар.
Қала тұрғындарының жүріп-тұруы үшін оларға екінші типті рұқсатнама беріледі. Сол арқылы өскемендіктер аптасына үш рет сауда объектілеріне, дәріханалар мен банктерге, сондай-ақ медициналық мекемелерге бара алады. Алайда рұқсатнаманың мұндай түрі бір пәтерге біреуден ғана беріледі. Ал жасыл рұқсатнама жұп күндеріне ғана жарамды болса, ақ рұқсатнама тақ күндеріне арналған. Брифингке қатысқан қала әкімі осылай деді.
- Рұқсатнамалардың мұндай түрін алу үшін көпқабатты тұрғын үйлердің иелері 1-сәуірден бастап ПИК-ке және кондоминиумға бара алады. Ал жеке секторда тұратын адамдар рұқсатнаманы ЖБК филиалдарынан ала алады. Рұқсатнаманы 6-сәуірге дейін алу керек. Беру уақыты 08.00-ден 00.00-ге дейін жүргізіледі, - деді Жақсылық Омар.