Өскеменде бос орындар жәрмеңкесіне 700-ге жуық адам қатысты

24.06.2019

Жұмыс іздеп келгендерге облыс мекемелері мен кәсіпорындарындағы 500-ден астам бос орын ұсынылды.

Шығыс Қазақстан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мұрындық болған жәрмеңкеге өңіріміздің 50 жұмыс берушілері жиналған. Олардың қатарында «Өскемен металлургиялық зауыты», «Эмиль», «Өскемен ұн тарту комбинаты», «Гелиос», «Техбытсервис», «№2 қалалық аурухана» және «Өскемен қаласының арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету жөніндегі балалар орталығы» мемлекеттік мекемелері және т.б. бар.

Жұмыс табуды немесе мансабын жақсартуды көздеген кез-келген адам жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға, еңбек нарығының ұсыныстарымен танысуға, түйіндеме қалдыруға мүмкіндік алды.
- Осындай іс-шаралардың басты мақсаты - жұмыс берушілер мен үміткерлер арасында диалог алаңын құру. Сондай-ақ біз көші-қон бөлімінің өкілдері арқылы «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйін түсіндірдік, - дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Тимур Жигитаев.
Өскемен қаласының жұмыс берушілерінің өзі 200-ден астам бос орын ұсынған.
- Нарықта еңбек етіп жүргенімізге 50 жылдан астам уақыт болды. Ғимараттар мен құрылыстардың әртүрлі технологиялық жабдықтарын тексеру, реттеу, жөндеумен айналысамыз. Бізде жұмыс күшіне деген сұраныс үлкен. Атап айтқанда, слесарь-жөндеуші, электр-газбен дәнекерлеуші, электромонтер, инженер және техник керек, - дейді «Қазақ мамандандырылған жөндеу-қалпына келтіру кәсіпорны» АҚ өкілі Кирилл Ларионов.
«Вита» ЖШС-ға медициналық мамандар қажет: УДЗ жасайтын дәрігерлер, онколог, педиатр, статист, акушерлер және фельдшерлер.
- Бізде қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған, толық әлеуметтік пакет бар. Бірақ қазір жастардың көбісі тәжірибе жинақтамай-ақ, бірден жоғары жалақы алуды қалайды. Оларға алдымен кәсіби дағдыларды меңгеруге көңіл бөлу дұрыс болатындығын айтқым келеді, - дейді емханадағы кадр бөлімінің инспекторы Зәуре Сәкенова.
Жалпы, жәрмеңкеге қатысушылар 18 жастан 30 жасқа дейінгі жастар болды. Олардың арасында колледждер мен университеттердің түлектері аз емес.
- Өзім негізінен Түркістан облысынан келгенмін. «Серпін» бағдарламасымен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да механик мамандығы бойынша білім алып шықтым. Шырайлы Шығыс жерінде қалып, жұмыс істегім келеді. Аягөздегі кәсіпорындардың бірінде еңбек етуді қалаймын. Бұл өңірде жастарға көп мүмкіндік берілген. Ал туған жерімде жұмыс орындары аз, үміткерлер көп. Оның үстіне еңбекақы да төмен, - дейді Сайлау Ғалымжан.
Казцинк» ЖШС өздеріне қажетті мамандарды таңдап та үлгерген. Кәсіпорын «Металлургия», «Тау-кен ісі», «Машина жасау», «Аспап жасау» мамандықтары бойынша білім нәрімен сусындап шыққан 19 серпіндікке жұмыс орнын ұсынуға әзір. Жастар Өскемен және Риддер қалаларында жұмыс істеуге шақырылды. Бұл туралы «Казцинк» ЖШС қызметкерлерді оқыту және дамыту басқармасы оқу орындарымен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Евгения Баева айтып берді.

Похожее