«Алтай» айтулы додаға дайын

17.07.2018

11 шілдедеде Өскеменде волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты жалауын көтереді. Тоғыз мемлекеттің командалары қатысатын құрлықтық бәсекеде еліміздің намысын өскемендік «Алтай» қорғайтын болады. Жерлестеріміздің айтулы додаға дайындығы қалай? Чемпионат алдында командада қандай өзгерістер орын алды? Біз осы сұрақтардың жауабын біліп қайтқан едік.

Биыл екінші жыл қатарынан облыс орталығында өтетін ірі турнирге дайындық ойдағыдай жүргізілуде. Осы орайда айтулы спорттық шараға облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі айрықша көңіл бөліп отырғанын айта кеткен орынды.

Алдағы уақытта чемпионат ойындары өтетін Борис Александров атындағы Спорт сарайында  жарысты тікелей эфирден көрсетуге, бейнежазбаны өңдеп, көпфункциялы қайталау жүйесін қолдануға мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар орнатылмақ. 

Ал енді жарыстың өзіне келер болсақ, чемпионатта Индонезия, Жапония, Тайланд, Қытай, Шри-Ланка, Вьетнам, Иран, Тайпэй (ҚХР) елдерінен келген  тоғыз команда бақ сынасатын болады. Әзірге қатысушы командалардың қарсыластары анықталған жоқ. Осы орайда биылғы клубтық Азия чемпионатына Филиппин елінің командасы қатыспайтынын айта кеткен абзал.

Байрақты бәсекеде клубтық Әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынбақ.  Бұл  «Алтай» волейболшылары үшін осымен үшінші ірі халықаралық жарыс болайын деп тұр. Естеріңізге салайық, былтырғы құрлықтық чемпионатта жерлестеріміз үздік төртікті түйіндеген болатын. Ал биыл команданың үштікке ілінуіне сенім мол. Команда тізгінін жаңа бапкер, білгір маман Юрий Панченко ұстады.

Бұған қоса, клуб басшылығы ел біріншілігінде чемпиондық атақ әперген волейболшыларды сақтап қалып, олардың қатарын бірнеше ойыншымен толықтырыпты. Атап айтқанда, өскемендік ұжым сапына Жетісу волейбол мектебінің түлегі Наташа Акилова мен ресейлік легионер Людмила Малафеева сынды спортшылар келіп қосылды.

– Біз жаңадан келген әріптестерімізбен танысып, қызу жаттығу жұмыстарын бастап кеттік. Ұжым ішінде тамаша атмосфера қалыптасқан. Жалпы, біздің осы чемпионаттағы басты қарсыластарымыз деп Жапония, Тайланд, Қытай мемлекеттерінен келетін командаларды атауға болады, - дейді «Алтай» командасының ең тәжірибелі ойыншыларының бірі, команда капитаны Сана Анарқұлова.

– Команданың құрлықтық бәйгеге дайындығына оң баға беруге болады. Өздеріңіз білетіндей, бұл ұжымның тізгінін ұстағаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, қыздармен тез тіл табыстық. Олар өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ең бастысы, ауыр жарақат алып, қатардан шығып қалған ойыншылар жоқ. Бір сөзбен айтқанда, волейболшыларымыздың төрт көзі түгел. Қазір біртіндеп жаттығуларымызды күшейтіп келеміз, – дейді бас бапкер Юрий Панченко.

Похожее