«Алтай» волейбол клубының спорттық директоры:– Былтырғы көрсеткішімізді жақсартуға тырысамыз

17.07.2018

Өскеменде өтетін волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатының басталуына екі айдан аз уақыт қалды. Биыл қатарынан екінші рет облыс орталығында жалауын желбірететін дүбірлі додада Қазақстан намысын ел чемпионы өскемендік «Алтай» қорғайтын болады. Жақында команданың байрақты бәсекеге дайындығын білу мақсатында «Алтай» волейбол клубының спорттық директоры Досжан Уалхановпен сұхбаттасып қайтқан едік.

– Досжан Нұрбайұлы, ең алдымен атқарылған селекциялық жұмыс туралы айтып берсеңіз? Команданың құрамы жасақталды ма?

– Дәл қазір команданың құрамы 90 пайызға жасақталды деуге болады. Келесі аптада волейболшыларымыз Түркияға аттануы тиіс. Онда жарыс алдындағы оқу-жаттығу жиындары өтпек. Бұл жиындар шамамен екі аптаға созылады. Артынша команданың бапкерлік штабы қай волейболшыны чемпионатқа алу, кімді алмау керектігі жөнінде шешім қабылдайтын болады. Негізі, біздің командада қазір 16 ойыншы бар. Бірақ Азия чемпионатының регламенті бойынша турнирге бір ұжымнан 14 волейболшы ғана қатыса алады. Сол себепті, оқу-жаттығу жиындарында Юрий Панченко бастаған бапкерлеріміз қыздардың физикалық және тактикалық дайындықтарына баса мән беріп, соның негізінде команда құрамын жасақтамақ. Ал жалпы айтсақ, чемпионатта өнер көрсететін ойыншылардың дені белгілі, қазір қалған екі-үш орынның мәселесі шешілуде. Бұл негізінен легионерлерімізге қатысты.

– Командада жарақат алуына не болмаса басқа да жайттарға байланысты чемпионатқа қатыса алмайтын ойыншылар бар ма?

– Волейболшыларымыз жарақаттан аман. Дегенмен, қазірдің өзінде бір ойыншымыздың жарысқа қатыса алмайтынын нақты айтуға болады. Бұл отбасылық жағдайға байланысты уақытша демалыс алған Ирина Кенжебаева.

– Алдағы жарыс халықаралық дәрежеге ие болғандықтан, команда шетелдік ұжымдармен алдын ала спарринг кездесулер өткізуі де тиіс. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Әзірге, мұндай кездесулер өткізген жоқпыз. Дегенмен, Қазақстан ұлттық құрамасының 80 пайызы «Алтай» волейболшылар екенін ескерсек, біздің ойыншылар мұндай дайындықты бастап кетті деуге де әбден болады. Себебі, мамыр айының басында ұлттық құрама ойыншылары Алматы қаласында «Шақыру кубогы» деп аталатын халықаралық жарысқа дайындықтарын бастаған. Осыдан біраз күн бұрын сол жарыс өтіп, Қазақстан құрамасы Австралия (3:0) және Қытайлық Тайбэй (3:1) командаларын сенімді жеңді. Сондықтан, Сана Анарқұлова, Радмила Береснева, Ольга Дробышевская, Кристина Аниконова сияқты қыздарымыз алғашқы спаррингті өткізіп қойды десек те болады. Ал жалпы, Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарынан кейін, шамамен маумыс айының 16-сы мен 25-і аралығында біз көрші елдердің командаларымен бірнеше жолдастық кездесу өткізуді жоспарлаудамыз.

– Өскемен қаласы осымен екінші рет құрлықтық доданы қабылдағалы отыр. Жалпы, халықаралық волейбол қауымдастығының былтырғы жарыс туралы пікірі қандай болды? Қонақтардың турнирді ұйымдастыру деңгейіне көңілдері толды ма?

– Негізі, мұндай ірі спорттық жарыстың біздің облыста қатарынан екінші рет өтуінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Рас, былтырғы чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұны қатысушы командалар өкілдері де, турнирдің техникалық делегаттары да атап өтті. Тіптен Азиялық волейбол конфедерациясы мен Халықаралық волейбол федерациясы тарапынан да жылы лебіздер жолданыпты. Биыл да сол биіктен түспейміз деп үміттенемін. Бұл ретте алдағы жарыс мерейтойлық болатынын, яғни Елордамыздың 20 жылдығына арналатынын айтқым келеді. Сол себепті, байрақты бәсекенің жоғары деңгейде өтуіне бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

– Сіздің ойыңызша, алдағы додада «Алтайдың» басты қарсыластары кімдер болмақ? Жалпы, чемпионатқа қатысатын командалардың тізімі белгілі болды ма?

– Иә, тізім белгілі, жарысқа 10 елдің командасы қатысады. Бастапқыда чемпионатта 11 команда өнер көрсетеді деп жоспарланған. Алайда кейін қаржылық мәселелерге байланысты Фиджи елінің командасы турнирге қатысудан бас тартты. Бүгінде біріншілікке Вьетнам, Жапония, Индонезия, Иран, Қытай, қытайлық Тайбэй, Тайланд, Филиппин, Шри-Ланка мен Қазақстанның чемпиондары қатысатын мәлім. Бұл командалар үш топқа бөлініп, плей-офф кезеңіне берілетін жолдамаларды сарапқа салатын болады. Жеребе бойынша біздің команда В тобына түсіп, Вьетнам мен Ираннан келген ұжымдарға қарсылас атанбақ. Ал негізгі бәсекелестеріміз А тобында өнер көрсетеді. Жарыстағы басты қарсыластарымыз деп дәл осы Жапония, Қытай мен Тайланд елінің волейболшыларын айтар едім. Дегенмен, біз былтырғыға қарағанда жақсырақ өнер көрсетуіміз тиіс. Қарсыластарымыз осал болмағанмен  алдымызға жарыстың финалына шығу мақсатын қойып отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Похожее