Айбек Нұғымаров қазақ күресінен төрт дүркін Азия чемпионы атанды

28.08.2018

Қос бірдей шығысқазақстандық спортшы Елордамыз Астана қаласында қазақ күресінен өткен құрлықтық бәсекеде алтын медаль еншіледі.

ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «Бұқаралық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мекебі» КММ-нің тәрбиеленушілері Азия чемпионатында тұғырдың ең биігінен орын алды. Серік Қоржыкенов жаттықтыратын Айбек Нұғымаров абсолют салмақта кезекті рет өзін теңдессіз екендігін дәлелдеді. Ақтын сында моңғол балуаны Серік Бердімұраттан айласын асырған жерлесіміз құрлықтың абсолютті чемпионы атағына қол жеткізді.

Тағы бір спортшымыз, Думан Қыздарбеков баптайтын Ерсін Сейітқазинов та 82 келіге дейінгі салмақта боз кілемде барын салды. Ақтық сынға іркілмей жеткен шығысқазақстандық  спортшы алтын медаль үшін болған белдесуде өзбекстандық балуанды тізе бүктірген еді.

Аталмыш чемпионат құрлықтың 11 елінен келген 80 спортшының басын қосты. Елорда төріндегі «Дәулет» спорт кешенінде барлығы 8 салмақ дәрежесінде жүлделі орындар сарапқа салынғанын айта кеткен орынды.

Похожее