Дайындықтарын келесі аптада бастамақ

17.07.2018

Осыдан біраз бұрын жазғанымыздай, биыл Өскеменде қатарынан екінші рет волейболдан құрлықтық дода өтеді. Шілде айының 11-і мен 18-і аралығында өткізілетін қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатына бастапқыда 11 команда қатысуы керек болатын.

Алайда кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарында қатысушылардың саны 10-ға дейін қысқарғаны, жарысқа Фиджи елінің чемпионы қатыспайтыны туралы ақпарат жарияланған-ды. Ал «Алтай» кәсіпқой волейбол клубының баспасөз қызметі әзірге додаға қатысатын командалардың толық тізімі белгісіз екенін хабарлауда.

Естеріңізге салайық, былтыр облыс орталығы өз тарихында тұңғыш рет волейболдан құрлықтық доданы өткізу құқығына ие болып, оған Вьетнам, Иран, Қытай, қытайлық Тайбэй, Тайланд, Филиппин, Жапония мен Қазақстанның («Алтай» командасы) чемпиондары қатысқан болатын. Бір айта кетерлігі, өскемендік суперклубтың арулары биылғы жарысқа да қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын өткен жеребе тарту рәсімінің нәтижесі бойынша В тобына түскен алтайлықтар Вьетнам, Иран және қытайлық Тайбэйден келген командаларға қарсылас атанады.

Ал А тобында жарыстың негізгі фавориттері саналатын Тайланд, Қытай мен Жапонияның чемпиондары өзара мықтыны анықтайтын болады. Тағы бір квартетте, яғни С тобында Индонезия, Фиджи, Филиппин мен Шри-Ланканың мықтылары күш сынасады деп жоспарланған.

«Атлай» клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, кезекті ел біріншілігі аяқталғаннан кейін уақытша демалыс алған жерлестеріміз мамыр айының 20-нан кейін Өскеменде қайта бас қосып, алдағы байрақты бәсекеге дайындықтарын бастамақ.

 

Похожее