29.08.2018
Дүбірлі додада осы күнге дейін жартылай финал жолдамасын иемденген қазақстандық бес спортшының есімі белгілі болды. Айта кетейік, тағы төрт боксшы ширек финалдық жекпе-жектерін бүгін өткізбек. Кемінде қола медальға жеткізген спортшылар арасында ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «Олимпиадалық резерв даярлау орталығы» КММ-нің тәрбиеленушісі Ермахан Жакпеков та бар.
Семейлік боксшы осы күнге дейін үш жекпе-жек өткізіп, барлығында да сенімді жеңіске жетті. Алғашқы айналымда пуэрторикалық Мариомар Моралис Ниевисті жолынан тайдырды. Бүйірге тиген бірнеше жойқын соққы оған кездесуді жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде небәрі екінші раунда қарсыласын нокдаунға жіберіп,төрешінің жекпек-жекті мерзімінен бұрын аяқтауына тура келді. Екінші айналымда Ермаханның жолы италиялық Сальваторе Кавалларомен түйісті. Бұл жерде де шығысқазақстандық былғары қолғап шеберінің дайындығы жоғары екендігі байқалды. Кездесу соңында төрешілер бірауыздан жеңісті жерлесімізге берді. Ширек финалда шаршы алаң қожайыны Тибор Барбосу Константинмен «кім мықтыны» анықтап, екеуі де тартысты жекпе-жек көрсетті. Семейлік спортшы сан рет жойқын соққысын дарытса да, Венгрия елінің өкілі кездесу соңына дейін төтеп берді. Тіпті, төрешілер дәл соққылар санын санап, жеңімпазды анықтауда қателікке бой алдырмауға тырысты. Қорытындысында екіге бөлінген шешіммен жеңіс шығысқазақстандық спортшыға бұйырды.
Одан бөлек, жартылай финалистер саны тағы көбеюі мүмкін. Себебі, бүгін шаршы алаңға Дамир Тойбай (91 кг), Айбек Оралбай (+ 91 кг), Айзада Исламғали (54 кг) және Жансая Абдраймова көтеріледі. Төрт спортшы да Чемпионаттың жартылай финалына жолдама алуға тырысатын болады.
Похожее