18.07.2018
Мәселен, біріншіліктің алғашқы күнінде тағы бір азулы қарсылас – қытайлық «Цзянсу Чжунтянь Стил» командасымен шеберлік байқасқан «Суприм» (Тайланд) волейболшылары қарсыластарын, үш партияда тізе бүктірді (25:20, 25:22, 25:11). Бұл ойында тайландтық команданың басымдығы көзге ұрып тұрды. Әсіресе, команда капитаны Пиянут Паннойдың өнерін ерекше атап өткен ләзім. Аталған волейболшы жуықта аяқталған Қазақстан біріншілігінде «Алтай» құрамында өнер көрсетіп, ел чемпионы, сонымен қатар Суперкубок иегері атанған болатын. Қазақстан чемпионатынан кейін өз еліне қайтып оралған тай волейболшысы тез арада «Супримнің» беткеұстар ойыншысы мен команда капитаны атанды. Құрамында тәжірибесі толысқан осындай ойыншысы бар Тай елінің командасына жарысқа қатысып отырған ұжымдардың ішіндегі волейболшылары ең бойшаң қытай чемпионы аса қарсылық көрсете алмай, ойын бір сағатқа жетер-жетпес уақытта аяқталды.
Дегенмен Тайланд бұрымдыларының өздерін де жеңе алатын ұжым табылды бұл додада. Ол – жапондық «НЕК Ред Рокетс» командасы. Чемпионаттың екінші ойын күнінде бір-біріне қарсылас атанған қос мықтының ойыны жарыстың ең айтулы, әрі тартысты кездесулерінің біріне айналғаны сөзсіз. Бес партияға созылған матчта былтырғы Азия чемпиондарынан 0:2 есебімен жеңіліп тұрған Күншығыс елінің арулары табандылық танытып, 3:2 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Партиялардағы есеп 20:25, 21:25, 25:22, 25:18, 15:11. Кеше Кавасаки қаласынан келген команда «А» тобындағы екінші қарсыласы – «Цзянсу Чжунтянь Стил» волейболшыларымен ойнап, нәтижесінде қарсыласын 1:3 есебімен (25:21, 24:26, 27:29, 22:25) жеңіп кетті.
«Алтайдың» аяқ алысы жаман емес
Мамандар турнир фавориттерінің біріне балап отырған өскемендік «Алтайдың» да аяқ алысы жаман емес әзірге. «В» тобында өнер көрсеткен Юрий Панченконың шәкірттері бірінші турда Иранның «Пайкан» командасын 3:0 (25:18, 25:16, 25:17) есебімен ойсырата жеңгенін газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Бұл кездесуде өскемендік ұжым сенімді жеңіске жеткенімен, матч соңындағы баспасөз мәслихатында бас бапкер де, команда капитаны Сана Анарқұлова да «Алтайдың» ойынына көңілі толмағанын жасырмады.
– Матч біз ойлағандай өрбіді деп айта алмаймын. Несін жасырайын, өз елімізде, мыңдаған жанкүйердің алдында өнер көрсеткеннен кейін, аздаған қобалжу болды. Бұған қоса ойынның чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімінен соң бірден басталуы да кері әсерін тигізді. Көсіліп ойнай алмадық, – деді Сана Анарқұлова.
«Алтай» капитанының сөзіне ирандық команданың бас бапкері Митра Шабаниан да қосылып, ет қыздыру дайындығына уақыт жеткіліксіз болғанын айтты.
Осы ретте, тегерандық команданың топтағы екінші кездесуінде де жеңіліс тапқанын айта кетейік. Қытайлық Тайбэй чемпионы «CMFC» волейболшыларына қарсы ойында Шабаниан ханымның шәкірттері 2:3 (26:24, 24:26, 25:15, 16:25, 11:15) есебімен ұтылып қалды.
Кеше газет беттеліп жатқанда «В» тобындағы соңғы кездесу де өтті. Онда алғашқы ойындарында жеңіске жеткен «Алтай» мен тайбэйлік «CMFC» волейболшылары өзара мықтыны анықтады.
Сәуленің еңбегі сіңді
Барабаншылар, «барыстар», еріктілер һәм ойын добына бас-көз болып отырған кішкене қыздар. Клубтық Азия чемпионатының аса қызық, жоғары деңгейде өтуіне осы төртеуінің мол еңбек сіңіріп жатқаны даусыз.
Бұған бірінші болып көзімізді жеткізген Сәуле Илямбиева болатын. Осы чемпионатта ерікті түрде аудармышылық қызмет атқарып жүрген бикеш бізді Таи елінің спортшыларымен тілдестірген-ді.
– Бұл чемпионатта құрбым Кристина екеуіміз Таиландтан келген меймандарға қызмет қылып жүрміз. Олардан бір елі ажырамаймыз. Міндетіміз сол, тіл білмейтін қонақтардың қолын ұзарту, – дейді Сәуле.
Сәуле меймандардың ғана емес біздің де қолымызды ұзартқандығын білмейді, сірә. Білмесе, білмей-ақ қойсын. Байқауымызша, ол жағы аудармашы қыз үшін аса маңызды емес секілді.
– Мен осымен үлкен додаларда үш мәрте қызмет етіп отырмын. Ерікті түрде. Ең бірінші рет былтыр Алматыда өткен Азиада ойындарына барғам. Сосын ЭКСПО көрмесінде аудармашы болдым. Екі жақта да туыстарымдікіне аялдадым. Бұл сапарлар мен үшін тым-тым қызықты болды. Қарап жүрмей, үлкен жарыстарды іздеп тұратын әдет таптым (күлді). Аудармашы мамандығын оқып жатқан студент, яғни мен үшін бұл мол тәжірибе, – дейді ол.
Сәуленің өзі «ағылшын тілі сол пәнді оқытатын мұғалімдер мен аудармашыларға ғана керек» деп ойлайтын адамдардың барын білемін арамызда. Негізі бұл тілді еліміздің жастары түгелдей үйренгені дұрыс. Қазіргі заман талабы осы. Тіл білсең, талай нәрсеге қолың жетеді» дейді.
Иә, Сәуле «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген баба өсиетін жете түсінген.
Айтпақшы, Сәуленің қандай арманы барын білгіңіз келе ме? Айтайын, оның шет елдерді аралағысы келеді.
Біз бұл жолы жоғарыда айтқан төртеудің бірін ғана сөз еттік. Жанкүйерліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген екеу жайлы кейінірек айтпақпыз. Ал анау допқа бас-көз болып отырған һәм спортшылар тайып жығылған жерді сүртіп-тазалайтын кішкене қыздар туралы аз-кем ақпарат бере кетейік. Ол қыздар болашақ волейболшылар. «Алтайдың» жастар құрамасында ойнайды. Бұйырса, мәнсабымызды алаңды тазалаудан бастағанбыз» деп айтып отырған жерінен тани жатарсыздар кейін.
Похожее