20.07.2018
Айта кетейік, боз кілем бәсекесі әлі өз мәресіне жетпеді. Дегенмен, классикалық күрес шеберлерінің жарыс күні кеше аяқталған еді. Тап осы бәсекеде ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО спорттың жазғы түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ тәрбиеленушісі 67 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Мерей Бекенов Нью-Дели боз кілемінде барлығы үш белдесу өткізді. Үшеуінде де қарсыластарын тас-талқан етіп ұтқан. Бірінші кездесуінде өзбек балуанынан 9:1 есебімен басым түсті. Одан кейін Қытай елінің үздік спортшысын 12:4 есебімен сан соқтырса, ақтық сында қырғызстандық балуанға бір ұпай берместен 9:0 есебімен тізе бүктіреді. Осылайша, жерлесіміз өз салмағында Азияның үздігі атанды. Айта кету керек, өткен жылғы құрлықтық додада Мерей күміс медаль иеленген еді. Бұл жолы нәтижесін жаңартып отыр. Одан бөлек, грек-рим күресі шеберлері осы жарыста екі алтын, бес қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. Бірінші орынды ирандық спортшылар еншілесе, Қырғызстаннан келген балуандар үздік үштікті қорытындылады.
Мерей облыс атынан ел құрамасы сапында бір өзі өнер көрсетіп жүр. Грек-рим күресімен айналысқанына сегіз жылдан асып жығылыпты. Алғашқы бапкері Мереке Еркешұлының қол астында көп жыл жаттығып жүріп бірқатар ірі додаларда жүлдегер атанып үлгерген. Қазірде Берік Асубаевтан тәлім алуда. Мерейдің ағасы, әрі бапкері болып жүрген Мәди Жарболовтың айтуынша, осыдан кейін тыңғылықты жаттығулар басталмақ. Себебі, балуандарымызды қыркүйек айының 17-23 аралығында Словакияның Трнава қаласындағы жастар арасындағы Әлем чемпионаты күтіп тұр.
Похожее