ШҚО-да Спорт Күнін кеңінен атап өтті

19.08.2018

Бүгін еліміздегі барша спортсүйер қауым, жанкүйерлер, тіпті, спортшылар, өздерінің кәсіби мерекесін, яғни Спорт Күнін атап өтті. Осы орайда біздің аймақта да, оның ішінде, шаһарда, аудандар мен ауылдарда түрлі сайыстар ұйымдастырылды.

Өңірдегі барлық аудан тұрғындары өздерін қол күрес, гір спорты және одан басқа тәртіптер бойынша сынап көрді. Басты шаралар облысымыздағы екі ірі қалада өткізілді. Семейда алғаш рет жартылай марафон жарысы жалауын көтерді. Оған жас ерекшелігіне қарай ұзын саны 300-ге жуық әуесқой қатысқан-ды. Айта кету керек, бәсеке барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатқа ие болумен қатар, ең жас әрі ең егде қатысушылар да назардан тыс қалмады. Онда жасы үлкен спортшының дені 77-де болса, жасы кіші қатысушы 12-де еді. Аталмыш додаға Өскемен, Семей қалалары, облыстағы барлық аудандар, одан бөлек, Астана, Алматы қалаларынан және Ресей, Германия сынды алыс-жақын елдерден де келіп өз мүмкіндігін байқады.

 – Шын мәнісінде, біз Спорт Күнін атап өту үшін бір айға жуық уақыт арнаймыз, – деді Семей әкімшілігі спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев. Тамыздың 1-нен бері күн сайын қандай да бір спорт түрінен жарыстар өткізіп келеміз. Реті келгенше ашық аспан астында өткізіп, оны халық тамашалап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырғымыз келеді.

Мәлім болғандай, бұл Семейдегі соңғы жарыс емес және қалалықтар Спорт Күнін әлі де атап өтпек. Ертең барлығы бір кісідей пауэрлифтинг, тоғызқұмалақ, шахматтан «кім мықтыны» анықтаса, келесі сенбіде, нақтырақ айтсақ, тамыздың 25-і күні бұқаралық ақпарат құралдары мен қалалық әкімшілік қызметкерлері арасында дәстүрлі матч өткізіледі.

ШҚО-ның әкімшілік орталығы да жалпы мерекеден шет қалмады. Облыс орталығында жеңіл атлетика жүгірісі өткізілді. Жарыс жолы Е.П.Славский атындағы Ертіс жағалауынан бастау алған еді. Бұл додаға 300-ге жуық әуесқой мен кәсіпқой желаяқтар бақ сынасты. Мәреге алғаш жеткен 15 қатысушыға, оның ішінде ерлер мен әйелдерге жекелей мадақтама қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ең толқыныс тудырған сәт спорт ардагерлерін марапаттау болды. Онда ардагерлерді жас буынға үлгі етіп, оларға жұртшылық алдында құрмет көрсетті.

Ерлер арасында жарты шақырымдық қашықтықта үздік үштікке С.Семенов, В.Тютенков және М.Матвеев ілінді. Бұрымдылар арасында М.Саяхатқызы ең жүйрік атанса, Д. Саяхатқызы мен Т.Климанцева екінші, үшінші орыннан көрінді.

Барлық жарыстар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылғанын айта кеткен орынды.

Похожее