ШҚО-да шайбалы хоккейден жолдастық кездесу өтті

21.07.2018

Өскемендегі хоккей модулінде Елордамыз Астана қаласының 20-жылдығына орай шайбалы хоккейден 2009 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында жолдастық кездесу өтті.

Жолдастық кездесу бір минут үнсіздікпен басталды. Күні кеше мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2017 жылғы Бүкіләлемдік Қысқы универсияданың чемпионы Денис Тен мезгілсіз қайтыс болған еді. Спортшы небәрі 25 жасында өмірден озды.

Спорттық шара алдында кикбоксингтен 5 дүркін Әлем чемпионы,  ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.

 – Баршаңызды аймақ басшылығы атынан шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жерде спортшылар өзара тәжірибе алмасады, әрі кездесуден соң достықтың жеңгенін дұрыс деп санаймын. Дегенмен, әрқайсыңыз жақсы ойын көрсетіп, төрелік тарапы әділ болсын демекпін, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, айдынға ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО шайбалы хоккейден мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі» КММ-нің «Торпедо» ұжымы мен Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің «Астана» хоккей командасы шыққан еді. Ойын барысында «Астананың» басымдығы бірден байқалды. Алма-кезек шабуылдар өскемендік қақпашыны біраз әбігерге салды. Бірінші кезеңнің өзінде 2:5 есебімен қонақтар алда тұрды. Бұдан кейін есепті қысқарту мүмкін болмады. Екінші кезеңде Артем Дмитриев шәкірттері  бір гол жіберіп алса, үшінші кезеңде тағы бір гол өткізеді. Қорытынды есеп 2:7, астаналық ұжым пайдасында. Қос ұжым арасындағы кездесу ертең де ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО шайбалы хоккейден мамандандырылған балалалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі» КММ-де жалғасын таппақ.

Похожее