Өскеменде доп додасы басталды

18.07.2018

Кеше Өскеменде спорт сүйер қауым көптен күткен дүбірлі дода – волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты басталды. Осымен екінші жыл қатарынан Шығыс Қазақстан жерінде жалауын желбіретіп отырған байрақты бәсекенің биылғысы былтырғыдан да қызықты болайын деп тұр. Неге десеңіз, жарысқа қатысатын командалардың саны артқан. Бұған қоса қатысушылар деңгейіне қарай үш топқа бөлініп, өнер көрсететін болады. Яғни, чемпионаттың алғашқы ойындарынан бастап тартысты бәсекенің куәсі бола

Осымен 19-шы рет өткізіліп отырған клубтық Азия чемпионатының тұсаукесер рәсімі облыс орталығының Б.Александров атындағы спорт сарайында өтті. Салтанатты шараға Қазақстан волейбол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев, облыс әкімі Даниал Ахметов және бірқатар мәртебелі мейман қатысып, командаларға сәттілік тіледі.

– Құрметті спортшылар! Қадірменді қонақтар! Баршаңызды осынау спорт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Жапония, Қытай Халық Республикасы, Тайланд, қытайлық Тайбэй, Иран, Вьетнам, Шри-Ланка, Индонезия елдерінің спортшыларына, қонақжай Қазақ еліне, шұғылалы Шығыс жеріне қош келдіңіздер дейміз. Сондай-ақ бізге осындай ауқымды шараны тағы бір мәрте өткізу міндетін сеніп тапсырған Азия волейбол конфедерациясы басшылығына рақмет айтамыз. Құрлықтың кіл мықтылары қатысатын жарыс тартысты да қызықты ойындарға толы болады деп сенеміз. Барлық командаға сәттілік, ал жанкүйерлерге мерекелік қөңіл күй тілеймін! – деді құттықтау сөзінде Қазақстан волейбол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев.

Рас, дүбірлі дода кеше ғана басталғанымен, қазірдің өзінде чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп сеніммен айтуға болады. Мұны жарыстың ашылу рәсіміне қатысқан Азия волейбол конфедерациясының өкілдері де атап өтті. Мәртебелі меймандар Өскемендегі спорттық шара ұйымдастырылуы жағынан бұған дейінгі чемпионаттардан еш кем түспегенін, сол үшін шығысқазақстандықтарға тағы бір мәрте зор алғыс білдіретінін жеткізді.

 

Финалға шығу міндеті қойылды

 

Ал дода басталмай тұрып, облыс орталығындағы «ShineRiver» қонақ үйінде жарысқа келген командалардың бапкерлері мен капитандары қатысқан арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуге келген әр команданың бапкері дәстүр бойынша өз ұжымын қысқаша таныстырып, әріптестеріне сәттілік тіледі. Ұйымдастырушыларға, Шығыс Қазақстан жұртшылығына қонақжайлығы үшін алғысын білдірді.

Әдеттегідей, шара барысында бапкерлер мен спортшыларға Сары құрлықтың түкпір-түкпірінен жиналған журналистер тарапынан біраз сұрақ қойылды және біз күткендей, оның дені «Алтай» командасының бас бапкері Юрий Панченкоға жолданды.

– Мұндай байрақты бәскекенің екі жыл қатарынан бір елде, бір қалада өткізілуі көп нәрсені аңғартса керек. Өз басым былтырғы біріншілікті көрмесем де биылғы дода ұйымдастырылуы жағынан одан асып түсетініне сенемін. Облыс басшылығы алдымызға кем дегенде финалға шығу міндетін қойып отыр. Өйткені, Өскемен қаласы Әлем біріншілігін де өткізуге қамданып жатыр екен. Демек, біз биылғы додада жоғары нәтиже көрсетіп, сол жаһандық сайысқа жолдама алуымыз керек. Қалай дегенде де, жанкүйерлеріміздің сенімін ақтағымыз келеді, – деген Юрий Павлович биыл негізгі бәсеке бір жыл бұрынғыдай Тайланд, Жапония, Қытай және Қазақстан командалары арасында өрбитінін атап өтті.

Ал «Алтайдың» капитаны Сана Анарқұлова болса, жарыс алдындағы оқу-жаттығу жиындарының ойдағыдай ұйымдастырылғанын айтып, команда құрамы мықты легионерлермен толыққанын жеткізді.

– Былтырғы жарысқа дайындығымыз нашарлау болғаны рас. Алайда, биыл бәрі керісінше, Түркияға барып, нәтижелі оқу-жаттығу жиындарын өткізіп қайттық. Сонымен қатар командаға бірқатар белді ойыншы келіп қосылды. Сондықтан чемпионатқа сақадай саймыз деуге әбден болады, – деді Сана Анарқұлова.

Жалпы, баспасөз мәслихатына қатысқан қалған командалар өкілдерінің сөздері де осыған ұқсас болды. Мәселен, былтырғы доданың жеңімпазы, Тай елінің атынан сынға түсетін «Суприм» командасының бас бапкері Натапхон Срисамутнак мырза «Қарсыластарымыздың әлеуетін білеміз. Олардың қай-қайсысы да құрлық мықтысы атануға лайық. Дегенмен былтырғы жетістігімізді қайталауға тырысамыз. Өз командамның жеңіске жететініне шамамен 80 пайызға сенемін» деп ағынан жарылды.

Естеріңізге салайық, былтырғы Азия біріншілігінің финалында тайландтық ұжым Жапон елінің чемпионы «Хисамицу Сеяку Спрингс» командасынан басым түсіп, құрлық мықтысы атағын жеңіп алған болатын. Ал биылғы жарыста Күншығыс елінің намысын «НЕК Ред Рокетс» клубы қорғамақ. Кавасаки қаласынан келген ұжым жоғарыда аты аталған «Суприм», қытайлық «Цзянсу Чжунтянь Стил» және өскемендік «Алтаймен» бірге турнирдің басты фавориттері саналуда. Ал қалған командаларға тоқталар болсақ, бір аптаға созылатын чемпионатта өз елдерінің атынан «CMFC» (қытайлық Тайбэй), «Гаруда» (Индонезия), «Пэйкан» (Иран), «Ланка Лайонс» (Шри-Ланка) және «ВТВ Бин Диен Лонг» командалары сынға түспек.

 

Тай қыздарының екіпіні тау құлатарлық екен

 

Кеше жарыстың тұсаукесері алдында турнирдің алғашқы екі ойыны өтті. Чемпионаттың шымылдықашар ойынында Вьетнам елінің қыздары Шри-Ланкадан келген қарсыластарынан айласын асырды. Партиялардағы есеп 3:0. Бұдан кейін паркетке Тайланд пен Қытай елінің арулары шықты. Бірінші ойын күнінің орталық кездесуі саналған бұл матчта Тай елінің қыздары 3:0 есебімен жеңіске жетті. Иә, тай қыздарының екіпіні тау құлатарлық екен.

 Азия біріншілігінің ашылу салтанатында спорт сарайын лық толтырған бес мыңға жуық көрермен назарына Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласының тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылым ұсынылды. Содан кейін аренаға жарыстың басты кейіпкерлері – тоғыз елдің волейболшылары шығып, жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Еліміздің мемлекеттік әнұраны шырқалды.

Бұдан кейін кезек жанкүйер қауым тағатсыздана күткен «Алтай» мен ирандық «Пэйкан» арасындағы кездесуге келіп жетті. Бұл ойын туралы газетіміздің алдағы санынан оқитын боласыздар.

 

Похожее