28.08.2018
«Қарағанды-аренада» финалдық ойында өскемендік командаға павлодарлық «Ертіс» хоккейшілері қарсы тұрды. Ойын айтарлықтай тартысты өтті. Жиналған жанкүйерлер де жоғары деңгейлі ойынға дән риза болды. Кездесудің 16-шы минутында айдын иелері есеп ашып, алға озады. Десе де «Алтай Торпедо» ойыншылары өз ойындарын жоғалтпады. Қақпашы Сергей Борисов 33 соққының бетін қайтарып, есептің еселенуіне жол бермеді. Үшінші кезең басталған тұста Артем Бурделевтың жойқын соққысы тордан табылып, ойын басқаша сипатта өрби түсті. Одан ары шабуылшы Андрей Спиридонов дәл соққы жасап, өскемендік команданы алға шығарды. Қорытындысында 2:1 есебі сақталып, шығысқазақстандық «Алтай Топедо» Қазақстан Кубогін иеленді.
Айта кету керек, турнир аясында жерлестеріміз бір ойында да жеңілмеген болатын. Өскемендік хоккейшілер негізгі уақытта да, қосымша уақытта да, сонымен қатар буллиттер сериясы бойынша да өз шеберліктерін көрсете білді. Жеңіс шайбасын соққан Андрей Спиридонов болса, «Үздік шабуылшы» атанды.
Похожее