Жаңа Жібек жолы: ежелгі керуендер жолымен

18.09.2018

«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы шеңберіндегі соңғы экспедиция «Жаңа Жібек жолы» деп аталады. Саяхатшылар жолға 17- қыркүйекте Алматы қаласынан шығады. Экспедиция қатысушылары 13 күнде Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары аумағымен 3 мыңнан аса шақырым жол жүрмек.

Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша экспедицияны ұйымдастырушы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы. «Жаңа Жібек жолы» экспедициясының бағытын «QazaqGeography» Республикалық қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.

Экспедиция құрамы тәжірибелі саяхатшылардан, туроператор өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден, сондай-ақ «National Geographic Россия» командасынан құралған.
Экспедиция Алматыдан Қазақстан-Қытай шекарасына қарай шығады да, Жаркент қаласы мен Қорғас ауылына аялдайды. Ары қарай, Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі, Солтүстік Тянь-Шань маржаны аталатын - Саты ауылына барады.
Қатысушылар, Саты ауылынан жолсыз жермен бірнеше шақырым жүріп, тау ішіндегі Көлсай және Қайыңды көлдеріне қарай бағытталады. Ол теңіз деңгейінен 1867 метр биікте орналасқан. Бұл жердің сұлулығын сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Қайыңды көлі 1911 жылғы жер сілкінісінің салдарынан пайда болған: құлаған тас шатқалды жауып қалып, табиғи бөгет түзіліп, шыршалар су астында қалған.
Көлсай көлінің суы тұп-тұнық. Мұнда құбылмалы бақтақ, қабыршақсыз көкбас, тағы басқа да балық түрлері мекендейді. Маңындағы орман саңырауқұлаққа, қойбүлдірген мен таңқурайға бай.
Ары қарай саяхатшыларымыз Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына барып, Темірлік, Бестамақ шатқалдары мен Қорғандар алқабын тамашалайды. Сол жерден «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына бет алады. Онда экспедиция мүшелері Ақтау тауы мен 700 жылдан аса уақыт өсіп тұрған ағашты көре алады. Содан соң, Айғайқұмға, Шоқан Уәлиханов бұлағы мен Талхиз қалашығына ат басын бұрып, алтыншы күні Алматыға оралып, «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» ТШК және «Үлкен Алматы көліне» барады.
Экспедиция бағытындағы келесі аялдама – Тамғалы шатқалы. Бұл Жетісудағы жартасқа жазылған ең ескі, әрі көрнекті ескерткіштердің бірі. Ол 2004 жылдан бері ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының нысаны қатарында. Өткен ғасырдың ортасында бұл жерден жартасқа салынған әр түрлі суреттер табылған. Тамғалы шатқалы Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жердегі Аңырақай тауында.
Тамғалыдан соң экспедиция қатысушылары Жамбыл облысындағы археологиялық және табиғи ескерткіштерге жол тартады. Олардың ең алғашқысы – Тараз қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан Ақыртас археологиялық кешені. Бұл орын Қазақстанның 100 киелі нысанының тізіміне кіреді. Тараз қаласында олар Қарахан мен Айша бибі кесенесіне және «Ежелгі Тараз» археологиялық орталығына барады.
Экспедиция тобы Орта Азия мен Қазақстандағы ең ескі қорықтардың бірі Ақсу-Жабағылыда аялдайды. Мұнда олар табиғаттың сұлулығын және өсімдіктер мен жануарлардың керемет әлемін тамашалай алады. Бұл қорық Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында орналасқан.  
Экспедиция бағытындағы келесі пункт - Батыс Тянь-Шань тауларының солтүстік-шығысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы. Саяхатшылар Сайрам-Өгем шатқалының ең көрікті жерлерінің бірі, теңіз деңгейінен 2350 метр биікте орналасқан Сайрамсу көлін көріп қайтады.
Түркістан облысының аумағы археологиялық және табиғи ескерткіштерге бай. Отырар қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, Сауран қаласы және басқа да нысандар саяхатшылар мен зерттеушілерді қызықтырары сөзсіз.
Өз уақытында Шығыс пен Батысты байланыстырып тұрған Ұлы Жібек жолы, оның бойында орналасқан елдердің сауда-экономикалық және мәдени дамуына қатты әсер етті.

Похожее

Турция стоимость всех туров переводит в евро и разнопланово повышает стоимость турпакетов
Турция стоимость всех туров переводит в евро и разнопланово повышает стоимость турпакетов

01.03.2019 09:26

В Казахстане, как и во многих странах мира в спешном...

Бронируя заранее можно приобрести туры со скидкой до 60%
Бронируя заранее можно приобрести туры со скидкой до 60%

20.02.2019 09:28

Что такое раннее бронирование и какие новые...

Какие опасности и риски таят в себе авторские туры
Какие опасности и риски таят в себе авторские туры

08.02.2019 10:01

Что такое авторские туры? В чем их особенность,...

Авторлық турлардың артында қандай қауіп-қатерлер мен тәуекелдер тұр
Авторлық турлардың артында қандай қауіп-қатерлер мен тәуекелдер тұр

08.02.2019 10:00

Авторлық турлар дегеніміз не? Олардың ерекшелігі...